Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

"Иманғали" орталық мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

25.10.2016 3950 0 пікір

Өткен аптаның қасиетті жұма күні Атырау облыстық "Иманғали" орталық мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Күн райының салқындығына қарамастан жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын жәрмеңке, биыл да қайырымқол әйел жамағаттардың тарапынан қолдау тапты.

Қашан да "Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!", - деп өткен екі дүние сардары, ардақты елші Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті бар. ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкіл имамы Батыржан Берденұлы жәрмеңкені ашып, сөз сөйледі. "Бәріңізге белгілі, асыл дінімізді насихаттау - облыстық "Иманғали" орталық мешіті алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы орайда мешітіміз бес бағытта жұмыс жасап келеді. Оның бірі - қайырымдылық шаралары", - дей келе, жәрмеңкеге белсене атсалысқан жамағатқа ризашылығын білдірді.      

Жәрмеңке барысында Атырау облысы бойынша ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімі "Әйелдер-қыздар" секторының жауапты мүшесі Айша Түзелованың жетекшілігімен мешіт жанындағы сауат ашу курсында білім алып жатқан әйелдер жамағаты дайындаған қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылды. Алланың разылығы үшін мешітке қадам басып, таңдаған дүниесін сатып алысқан ағайын жәрмеңкенің түрлі ас мәзірінен де дәм татты.

Айта кетейік, көрмеде қол өнер жұмыстар мен түрлі дәмді тағамдар ұсынылды. Өкілдік ұйымдастырған қайырымдылық-жәрмеңкеден түскен қаражат мұқтаж жандардың қажеттілігіне жұмсалмақ. Алла тағала бірлігі бекем, іргесі нық, жүрегі қайырымдылық деп соғатын ел болуымызды нәсіп еткей!

"Иманғали" орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру