Қазіргі қоғам – ақпараттың ағыны қарқын алған кезең. Тіршіліктің тынысын әртүрлі ақпарат көзі мен басылым беттерінен қарауға әркімнің де мүмкіндігі бар.
Дін тақырыбындағы дүниелердің бүгінде интернет кеңістігінде таралуы тиімді болғанымен, газет-журнал басылымдары қай уақытта да маңыздылығын жоймайды. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы бұл жайында «Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек... Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер — кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады» деп, қоғам үшін құндылық қайнары қайда екенін көрсетіп кетті. Сондықтан да болар, «газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік».
Бүгін қасиетті жұма күні «Нұр Астана» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы «Ислам және өркениет» газеті мен мемлекет қолдауымен жарыққа шығатын республикалық "E-Islam" ақпараттық ағартушылық басылымы халыққа кеңінен таратылды. Асыл дініміздің ақжарылқап қолғанатына айналған бұл басылымдар бүгінде мұсылман жамағатының көзқуанышы, сүйікті газеті. Осы газет арқылы жалпақ жұртшылық ислам құндылықтарынан сусындап, иман негіздерін таниды, дәстүрлі дініміз жайында мол мағлұмат алып келеді.
Мешіт қызметкерлері сонымен қатар халықты ислам діні туралы дұрыс мәліметтермен ақпараттандыру мақсатында қосымша журнал, брошюларды да таратып, жат ағымның алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Ал мешітке жиі жүз бұратын қала тұрғындары мен жергілікті жамағат дін насихатына жасалған игілікті істерге разы пейілмен, кезекті газет сандары мен қажетті брошюшаларын алып, алғыстарын айтты. Өз оқырмандарына ойлы да мазмұнды дүние ұсынып отырған басылымдар мұсылман жұртшылығы үшін айрықша құрметке ие екеніне тағы да көз жеткізгендейміз.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.10.2016
3454
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру