
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Политехникалық колледжде «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті.
Тренинг барысында теолог Марат Бектазинов, дінтанушы Тышхан Кеңшілік, дәріскер-қоғамтанушы Қамажан Жұмақасова студент жастарға дәріс оқыды.
Аталмыш семинар Қазақстан Республикасында мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың принциптерін түсіндіру, жастар арасында қазақстандық патриотизмді нығайту, жастардың дінттанушы, теолог және дін саласы мамандарынан ар-ождан бостандығы және діни наным бойынша маңызды мәліметтерді алуына жағдай жасау мақсатында қолға алынған.
Марат Бектазинов өз баяндамасында әрбір қоғам үшін маңызды тіректердің бірі саналатынын діни сенім, рухани ұстаным жайында айтып өтті.
«Өкініштісі, дінді жалаң ұранға айналдырып, өз мүдделерді көздеген сұрықсыз оқиғалардың салдарынан бүгінгі БАҚ бетінде діни терминдерді, Ислам дінінде қастерлі ұғымдарды лаңкестерге телу белең алды. Шын мәнінде Хақ діннің зорлық пен зомбылыққа, экстремизмге ешқандай қатысы жоқ. Исламда – экстремизм, экстремизмде – ислам жоқ» деген М.Бектазинов жастардың ең басты міндеті білім алып, кәсіп игеру екенін жеткізді.
«Бүгін сіздерде таңдау мүмкіндігі бар, өз таңдауыңызға қол жеткізуіңізге құқықтарыңыз да, мүмкіндіктеріңіз де мол. Сіздердің міндеттеріңіз – толыққанды білім алу. Ал басқа да өмірлік маңызды мәселелер бойынша арнайы ақпараттар алуға, әсіресе руханият, дін жөнінде – сіздерге қызмет көрсетуге біз әрқашан дайынбыз. Біз экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен құбылыстарға қарсы тұру жұмысын мемлекет пен құзырлы органдарға немесе имамдарға ысырып тастамай, азаматтық қоғам, отбасы болып, біртұтас шеп болып, бірлігі жарасқан бүтіндей бір ел ретінде қарсы тұра білуіміз керек» деп сөзін түйіндеді Марат Бектазинов.
Дінтанушы Тышхан Кеншілік жастардың арасында экстремизмнің алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды.
«Діни сауаттылықты арттыру бойынша жасалып жатқан шаралар баршылық. Алайда айында-жылында бір жасалған кездесу арқылы жастардың діни көзқарасы қалыптаспайды. Сол себепті жастардың діни иммунитеті мен көзқарасын қалыптастыруға арналған шараларды қайта қарау, білім беру мекемелеріндегі дінтану пәнінің жаппай жүргізілуін қадағалау, сапасын жетілдіру жолдарын бекіту, оқытушылардың дінтанулық біліктілігін арттыру мәселелерін жүйелі қадағалау қажет» деді К.Тышхан.
Дәріскер деструктивті ағымдар мен олардың пікірін ұстанушыларды бақылау немесе олармен диалогқа келу мәселесінің күрделілігін ескере отырып, тиісті ақпараттарды ресми дерек көздерінен алудың маңызын атап өтті.
Мұнан кейін арнайы жастар аудиториясында дайындалған видеороликтер мен анимациялық роликтер қойылды. Студенттер мен педагог-оқытушылар дәріскерлерді зор қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, кездесудің пайдалылығы мен көрсетілген материалдың қазіргі жастарға әсер ететін дәрежеде болғанын айтып, алғыстарын білдірді. Колледждің психология және тарих салалары бойынша маманданған оқытушылары болашақта оқу-тәрбие процесінде пайдалану үшін кездесу барысында көрсетілген видеоматериалдардың электронды нұсқаларын да жіберуге өтініш білдірді.
Айта кетейік, аталған жоба аясында жастар аудиториясына Астана қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері шақырылады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.10.2016
3777
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру