Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі шәкірттер саны 600-ден асты (ФОТО)

20.10.2016 3391 0 пікір

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылғалы бері басымдық беріп келе жатқан бағыттардың бірі – халықтың діни сауатын арттырып, білімін жетілдіре түсу. Осы орайда мешіттегі «Діни сауат ашу» курсы жұмыстарын айрықша атап өткен жөн.

Еліміздің Бас мешітіне айналған алып құлшылық ордасындағы ағарту жұмыстары да ауқымды көлемде жүргізіліп келеді. Әліпті таяқ деп танығысы келген шәкірттердің жыл санап саны артып келе жатқаны – осы айтқанымыздың айқын дәлелі. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен жолға қойылған білім беру жүйесінің бірнеше сатылы деңгейі де дәріс алушылардың көптеп жиналуына көмегін тигізіп келеді. Мысалға, діни сауат ашу курсына алғаш қабылданған шәкірттер жыл соңында І-дәрежелі сертификат алып шығатын болса, келесі жылы оқуын қайта жалғастырып, ІІ-дәрежелі сертификатқа ие болады. Сондай-ақ, мешіт имамдары ақида, фиқһ, сира салалары бойынша да қосымша сабақ жүргізіп, шәкірттердің жан-жақты болып қалыптасуына зор ықпалын тигізіп келеді.

Жазғы демалыстан соң жаңа шәкірттер тобы жиналып, қыркүйек айында «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жаңа оқу жылы да басталып кеткен болатын. Жылдан-жылға көбейіп жатқан шәкірттер саны да биылғы жылы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Атап айтсақ, биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 406 ер шәкірт және 216 әйел шәкірт дәріс алатын болады. Оларға мешіт имамдары мен қызметкерлерінен жасақталған 10 ұстаз (8 ер, 2 әйел)  білім береді. 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру