
Талас ауданында тағы да асыл дінімізді дәріптеп, ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған шара ұйымдастырылды. Ауданға қарасты Тамды ауылында аймақ ақсақалдарының бата беру және жасөспірімдердің Құран оқу жарысы өтті.
Игі шара осы өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, елге еңбегі сіңген Бабахан Мырзағұлұлын еске алуға арналған. Артында қалған ізгі ұрпақтары жұртшылыққа жақсы бір өнегелі істі үлгі етіп отыр. Естеріңізде болса, осыған дейін бата беру және Құран оқу сайысы ауданның Бостандық ауылында алғаш рет тыл және еңбек ардагері Әбу Әбиұлын еске алу кешінде қолға алынып, көпшіліктің көкейінен шыққан еді.
Тамды ауылында жалғасын тапқан кезекті шараға «Тәңкібай ата» мешітінің имамы Нұрбол Төреқұлов ұйытқы болды. Екі бөлім бойынша өткен жарысқа ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев, «Жастар ресурстық орталығы» дін істері мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Сәкен Құлбаев, лицейдің тарих пәнінің оқытушысы Есім Үстенов қазылық етті.
Алғашқы бөлімде батагөй қариялар түрлі тақырыптағы, (дастархан-дәм батасы, жас отауға берілетін бата, жол-сапар батасы) баталарды жатқа айтудан сынға түсті. Сәйкесінше, сайыстың бұл түрі киім үлгісі, жатқа және мәнерлеп оқуы мен батаның тәрбиелік мәніне қарай бағаланды. Ал, Құран жарысына талабы таудай жас жеткіншектер қатысып, бақтарын сынады. Құран сүрелерін мақамына келтіріп жатқа оқыған жас өрендер көпшілік ықыласына бөленді. Бұл сайысты әділ-қазы алқасы құранды оқу мәнері мен оқылу тәртібіне, араб қарпінің дұрыс дыбысталуына баса назар аударып, сол бойынша бағалады. Айта кететін бір жайт, құран жарысының ең жас қатысушысы жеті жасар Қалдарханға Абдурахманға Тамды ауылының әкімі Саят Момбеков өз атынан арнайы сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырып, демеушілік жасаған Мырзағұлұлы Бабаханның ұлдары шәкірт тәрбиелеп, бәйгеге қосқан барлық ауылдық округ имамдарына ілтипат көрсетіп, сый-жоралғыларын тарту етті.
Бата жарысы бойынша бірінші орынды Майтөбе ауылының ақсақалы иеленсе, екінші орын Ақкөл ауылының батагөй қариясына бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Көктал ауылының ақсақалына берілді.
Құран оқудан жарыс тұғырынан Тамды ауылының жас талабы Нұрасыл Ескермес көрінсе, әділ-қазы алқасы екінші орынға Майтөбе ауылынан келген жеткіншекті лайық деп таныды. Үшінші орынды Бостандық ауылының жас өрені қанағат тұтты.
Шара соңында ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сертификат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.10.2016
6395
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру