Бүгін «Иманғали» орталық мешітінде қазақы отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған «Тұғырлы отбасы – ұлттың тірегі» атты рухани-танымдық шара өтті.
Киіз үй ішінде сахналанған мәдени шараны мешіт ұстазы, түркиялық білікті дінтанушы Хусейн Кая Құранмен ашып, ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы отбасы өміріндегі салт-дәстүрдің маңыздылығы туралы кіріспе сөз сөйледі.
Бас имам дүние есігін өлеңмен ашқан сәбидің адам болу жолындағы кісілік сапарының түрлі салттан тұратынын айта келе, «Ислам дінімен біте қайнасқан ата дәстүр, әдет-ғұрпымыз – қандай қилы заманда да халқымыздың жадынан өшпей, ұлттық болмысын сақтап қалған баға жетпес байлығымыз. Мәңгілік елдігіміздің айғағы, шежіре-тарихымыз. Өйткені, тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам ғұмыры оттың басынан бастау алып, сол жерде өсіп-өнеді десек, оның адам болу жолындағы әр қадамы ел назарынан тыс қалмаған. Бұл – тектілікті ту еткен дана халқымыздың бала тәрбиесін адам тәрбиесіне балаған көрегенділігінің айғағы», - деді. Және Батыржан Берденұлы өзі бастап мешітке қадам басып келген жас жұбайлардың некесін қиып, ақ батасын берді.
.jpg)
«Балалы үй базар демекші», неке қиылып, екі жас шаңырақ көтергеннен кейін отбасы, әулет, ру болып күтетін қуаныштың бірі – құрсақшашу салты. Құрсақшашу салтының мақсаты – аяғы ауырлаған жас келінге құрмет білдіріп, шаңырақ құрамына қосылатын болашақ сәбидің амандығын тілеу. Бүгінгі шара барысында осы дәстүр сахналанып, қалыс қалып жатқан салттарымыздың бірі насихатын тапты десек, артық айтпағанымыз.
Дана қазақ бала дүниеге келгеннен кейін «батыр болар ма екенсің алып тұлғалы, ақын болар ма екенсің айтар жыр әнді?» деп, оның ата баласы ғана емес, адам баласы болуын армандаған. Осы ретте қанына тартпағанның қары сынсын деп, балаға ат қоюдың өзіне үлкен жауапкершілік жүктеген.
Ата, бізге келіңіз,
Дайын сізге төріміз.
Бай дастарқан басында
Батаңызды беріңіз, - деген өлең жолдарымен ортаға шақырылған бас имам азан шақырып, Мұрат бауырымыздың қызына ат қою рәсімін өткізді.
Бала – бауыр етің. Өміріңнің мәні мен сәні, шырқап та салар әнің. Ертең елдігіңе тұтқа болып, рухыңды, намысыңды, қаныңды қорғайтын аманатың. Сондықтан да бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды асқақ арманға айналдырған қазақ халқы «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - деп бесік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осы орайда мешіт жамағаты – Тұрсын апа бесікке салу рәсімін өткізді.
Бала бесіктен белі шыққан соң еңбектеп, біртіндеп тәй-тәй басып жүре бастайды. Бала дамуының бұл кезеңінде халқымыз «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды. Бүгінгі шара барысында көненің көзі іспетті ата салтымыздың куәсі болған ағайын бір жадырап, мәре-сәре болды.
Міне, мешіт ұстазы Айжарқын Түзелованың жетекшілігімен өткен шара барысында неке қиюдан бастап, тұсау кесуге дейінгі салт-дәстүріміз көпшілік назарына ұсынылып, көрермен көзайымына айналды.
Тарихқа зер салсақ, атқа мініп, қол бастап, топқа кіріп сөз бастаған қазақ батырлары мен би-шешендері, жырауы мен жыршылары – бәрі-бәрі осы атасы тұрып ұлы, анасы тұрып қызы сөйлемеген көргенді тәрбиенің жемісі. Ел боламын десең бесігіңді түзе дегендей, ертең елдігімізге тұтқа болар ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын десек, бесік тәрбиесіне көңіл бөлейік, ағайын!
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.10.2016
3985
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру