Кеше «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан қайырымдылық дастарханы жайылып, мерекелік шара болып өтті. Қасиетті Ашура күнінің құрметіне орай жайылған қайырымдылық дастарханына Астана қаласындағы Балалар үйі (SOS) мен Жасөсіпірімдер үйінің тәрбиеленушілері және Қосшы ауылындағы Республикалық қарилар даярлау орталығының шәкірттері шақырылып, құрметті қонақ болып қайтты.
«Әзірет Сұлтан» мешіті мен «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдігі бірлесе атқарған аталмыш шараға жалпы саны 180-ге жуық бала қатысып, мейірімділік шуағын сезініп қайтты. Құлшылық ордасына қонаққа келген жасөспірімдерді наиб имам Бақытжан Өткелбаев қарсы алып, мешітті аралатып көрсетті. Құнды жәдігерлер мен құлшылық ордасының ерекшеліктері жайлы ақпарат айтылып, жамағат болып дұға жасады.
Бұдан кейін мешіт мейрамханасындағы дастархан басына жайғасқан жасөспірімдер үшін мерекелік шараның негізі бөлігі басталды. Қасиетті Құран аяттарымен ашылған игі шараның алғашқы сөз кезегі «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазановқа берілді. Ашура күнінің артықшылықтары жайлы айта келіп, жастарымыздың иманды да білімді болып өсуіне тілектестігін білдірген имам сөзі өте әсерлі шықты. Қазақтың қар домбырасы күмбірлеп, ән мен термеден шашу шашылған мерекелік шара маңызын «Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Асқар Мұқанов пен Республикалық қарилар даярлау орталығының директоры Сәдуақас Олжабаевтың уағыздары одан әрі күшейте түсті.
Жастайынан жетімдік көріп, балалық базарынан ерте шеттеп қалған балдырғандар үшін арнайы клоундар шақырылып, мейрамхана іші сәбилердің шат күлкісіне көмілді. Бұдан кейін ортаға әкелген алып торт да балалар қуанышын одан әрі еселей түсті. Кеш соңында барлық қонақтарға арнайы сыйлықтар таратылды.




















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
12.10.2016
3611
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру