Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Қарттар күніне» арналған қайырымдылық шарасы жалғасу үстінде (ФОТО)

03.10.2016 5084 0 пікір

Қазан айының 1-жұлдызында еліміз бойынша «Қарттар күні» аталып өтетінін баршасы біле бермес. Дегенмен, жыл санап санамызға сіңіп келе жатқан осы бір атаулы күнді Қазақстандағы құлшылық ордалары құр қалдырған емес. Жыл сайын қазан айын қарттарға арналған қайырымдылық шараларымен бастап, ақсақалды аталарымыз бен ақжаулықты апаларымызға қуаныш сыйлап келеді.

Осы орайда, Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті «Қарттар күніне» орай ұымдастырылған қайырымдылық шараларын бүгін тағы жалғастырды. Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «тосын сыйына» ие болған Орынбасар Кәдімқызына «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан 100 000 теңге қаржылай көмек пен азық-түлік қоры берілген болатын. Айта кетейік, аталмыш қаржы «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары өткізген «Қайырымдылық жәрмеңкесінен» жиналған еді.

Ал, бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Эльмира Бұхарбаева бастаған топ Астана қаласындағы қарияларға арналған қайырымдылық шараларын әрмен қарай жалғастырды. Алдын ала түзілген тізім бойынша Елордамыздағы тұрмысы төмен 10 қарияға мешіт қызметкерлері азық-түлік сөмкелерін үлестіріп, мерекемен құттықтап қайтты.

Бұдан бөлек, мешіт асханасында Алматы ауданының зейнеткер қарттарына мерекелік дастархан жайылып, арнайы қонақасы берілді. Ұлағатты ұстаздық мамандығынан бастап, басқа кәсіп түрлері бойынша еңбек жолын жемісті аяқтаған зейнеткер ата-әжелерімізге мешіт қызметкері Нұржан Әлімқұлов кездесу өткізіп, мерекемен құттықтады. Қатары сирей бастаған қарттарымыз дастархан басында тағылымды отырыс өткізіп, мешіт ұжымына өз алғыстарын білдірді. Кездесу соңында шақырылған қонақтарға мешіт атынан діни кітаптар тарту етілді.

 

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру