Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ақпаратты ауқымды түсіндіру жұмыс тобы» жұмысын бастады

30.09.2016 3731 0 пікір

Ақтөбе облысына Астана қаласынан арнайы іс-сапар жоспарымен келген қатарында 200-ге жуық адамды құрайтын «Ақпаратты ауқымды түсіндіру жұмыс тобы» өз жұмыстарын Алға ауданы Бестамақ ауылында орналасқан Ақтөбе медресесінен бастады. Құрамында ҚМДБ-ның Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев Жәдігерұлы, ҚМДБ Білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бейсенбаев Бақтыбай Қыдырбайұлы, ҚМДБ Атырау өңірі бойынша өкілі Батыржан Мансұров, Дін істері министрлігінің және Бас прокуротураның өкілдері бастаған топтың мақсаты Ақтөбе медресесінің тыныс-тіршілігімен танысу, шәкірттермен жүздесу, ұстаздармен етене сұхбаттасу және Бас мүфтидің бұйрығымен бекітілген ұстаздарды тағайындау болды.

Сұхбат медресе конференция залында жүргізілді. Аппарат басшысы бірінші кезекте Бас мүфтидің тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысында, әсіресе Ақтөбе медресесінде діни кадрлардың, ұстаздардың жетіспеушілігіне байланысты медресеге ұстаз тағайындауды алға қойды. 2007-2010 жылдар аралығында «Астана медресесінде» «имам-хатиб» мамандығын алып, ең үздік шәкірт болып бітіріп шыққан, кейін Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде 2010-2013 жылдарда медреседен кейінгі шәкірттер үшін құрылған арнайы «қысқартылған» топта білім алып, бұл жоғарғы оқу орнын да «үздік» аяқтап шыққан студент ізін суытпай сол жылы Түркия Республикасындағы Дін істері басқармасына қарасты «Хасеки» тереңдетілген жоғарғы оқу орнына түскен. Биыл осы оқу орнын аяқтап, 9 жыл шариғат ғылымын меңгерген Нұрлан Мұрат есімді студент өз елімізге қызмет етуге оралды. Аппарат басшысы Бас мүфтидің бекіткен бұйрығын оқып, Нұрлан Мұратты медресеге ұстаз қылып тағайындады.


Кездесу үлкен дәрежеде өтті. Келген қонақтардың сұхбатында еліміздің ынтымақ-бірлігін сақтау мақсатындағы елбасының бейбітшілік саясатын және басқа да бүгінгі таңда болып жатқан келеңсіз оқиғаларды келешекте болдырмаудың шешімі және тағы да басқа жан-жақты мәселелер қаралды. Жиында Аппарат басшысы сөз бастап, шәкірттерге сәттілік тілеп, келудегі мақсатты ауқымды түсіндірді. Іле шала екінші сөзді Бақтыбай Бейсенбаев алып, Қазақстандағы діни оқу орындарының жүйесін жаңарту туралы бірқатар ұсыныстарды айтып, еліміздің болашақтағы діни ахуалын жоғарғы деңгейге жеткізіп, ретке келтіретін сол шәкірттер екенін білдірді. Шәкірттердің алдағы уақытта әлі де көбірек білім алу қажеттігін және дәстүрлі дінімізді үйрету үшін лайықты ғылымға бет бұру керектігін баса көрсетті.


Келесі сөз кезегін Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Мансұров алып, білім дініміздің негізгі тірегі екенін, ондағы қадір-қасиеттің рөлін егжей-тегжейлі айтып өтті. Сонымен қатар діни білім алу арқылы мемлекеттің іргесін нығайтуға болатындығын, иманды ел қашан да осы жетістікке, белестерге жетуге жақын екендігін жан-жақты түсіндірді. Ары қарай Дін істері министрлігінің және Бас прокуротураның өкілдері шәкірттерге өз лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Одан бөлек кездесу барысында бүгінгі Ақтөбенің төңірегінде болып жатқан жайттар мен теріс ағымдармен қалай күресу, кездесу жайындағы мәселелер жан-жақты қарастырылып, жиын соңында қонақтар медресе ғимараттарын аралап, жатын орын, ас-суы және дәрісханалармен танысып, шәкірттерге сәттілік тіледі.

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру