Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Бостандықта» ізгілер жолы ұлықталды (фото)

20.09.2016 3824 0 пікір

Жамбыл өңіріне қарасты Талас ауданында асыл дінімізді ардақтап, бабалар жолын дәріптеген шара өтті. Бостандық ауылында есімі елге белгілі тыл және еңбек ардагері Әбу Әбиұлының өмірден өтуіне жыл толуына байланысты аудан мешіттері шәкірттері мен ақсақалдары арасында  «Құран оқу» және «Бата беру» жарысы өтті.

Әбу Әбиұлы – жастық шағын сұрапыл соғыс алмастырған қазақтың қайраткер ұлдарының бірі. Ауылдың ауыр жүгін жастайынан арқалаған оны өмір ерте есейтті. Қиын-қыстау уақытта ауыл халқының қамын жеп, өзі өскен «Көмекші» колхозындағы талай жанның аштықтан аман қалуына себепші болған. 1969 жылы қазақ даласына түскен қаһарлы қыстың құрсауынан қатынас үзілген тұста жалындаған жас жігіт Әбу тумалас інісімен үш ай ел бетін көрместен, омбы қардан жолды тазалап, ауылдың мал-жанына тағы да араша түседі. Әр жылдары колхозда механизатор болып, сиыр, түйе шаруашылығымен айналысып, ел игілігіне қызмет етті. Имандылық жолына өз балаларын баулып, ауылдағы имам-молдаларға етене жақын жүрді. Кіші баласы араб тілін меңгеріп, дін саласына бет бұрса, бүгінде немерелерінің бірі Ілияс Отаров бас қаламыз елорданың «Нұр Астана» орталық мешітінде ұстаздық қызмет етіп келеді. Тағы бір немересі Түркияда діни білімін жетілдіру үстінде. Осы ұрпақтарының имандылықты дәріптеп, өңірде тұңғыш рет Құран сайысын өткізуі баба үмітінің ақталуы іспетті.  


Айтулы шара ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарияланған «Дін мен дәстүр» (2015) және «Дін мен тарих тағылымы» (2016) жылдарына орай халыққа дәстүрлі дінді насихаттау, діни басқарманың республика көлемінде атқарылып жатқан игілікті жұмыстарын таныту мақсатында қолға алынған. Айта кету керек, ізгілікті шара ҚМДБ қолдауымен шалғай ауылдарда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Жарыс екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде мешіт шәкірттерінің діни білімі сарапқа салынып, Құран оқу бойынша сайысқа түсті. Екінші кезеңде қатысушы қариялар «Бата беру» номинациясы бойынша өз шеберліктерін сынға салды. «Құран жарысы» сайысында қатысушылар арнайы ҚМДБ мөрлеп жіберген билеттерді таңдап, сұрақтарға жауап берді. Әділқазылар үміткерлерді мақамы, қырағаты және тағы басқа Құран оқудағы ерекшеліктерін назарға алып, лайықты бағасын берді.


Ал, «Бата беру» кезеңінде қатысушылар дастарханға бата жасау, сапарға бата беру және тағы басқа бата түрлерінен біліктілігін көрсетіп, өскелең ұрпаққа қазақтың дәстүрін жеткізу шеберлігіне көңіл бөлінді. Бұл сайыста үміткерлердің бата берудегі қазақтың рухани қазынасын көрсете білуі мен мәнер-мақамы ерекше ескерілді.

Қазақы салт-дәстүрге сай, нақышына келтіріп, өскелең ұрпаққа өнегелі етіп бата бере білген Бостандық ауылының ақсақалы Әділхан Тойшыманов бас бәйгені жеңіп алды. Екінші орын Майтөбе ауылынан келген Қанатбек Наурызбаевқа бұйырды. Ал Көктал ауылының ақсақалы Қырықбай Қадырбаев жүлделі үшін орынды қанжығасына байлады.


Аудан мешіттерінен келген шәкірттер Құранды жатқа оқып, жеңімпаз атануға лайық екенін дәлелдеуге барын салды. Қырағатын келтіріп, махраждан мүдірмеген «Тәтен ата» мешітінің (Майтөбе) шәкірті Ерасыл Әзімхан осы сайыстың бас бәйгесін қоржынына басты. «Тәңкібай ата» (Тамды) мешітінің тәлімгері Нұрасыл Ескермес жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасса, «Төртбай ата» (Бостандық) мешітінің шәкірті Нұрмұхамет Рғалбай үшінші орынды місе тұтты.

Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификат табысталды. Айта кету керек, «Құран оқу» және «Бата беру» сайыстарының бас жүлдесіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының арнаулы сыйлығы тағайындалды. Ал қалған қатысушылар ҚМДБ Жамбыл облысы бас имамы Данияр қажы Жұмабаевтың сый-сияпаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Әбиұлы Әбудің кенже ұлы Мұраттың құрдастары жарыстың ең жас қатысушысы 6 жасар Қалдырахан Әбдіраханға және ең қария бата берушіге қаржылай сыйлық табыс етті. Өңірде өткен мән-мағыналы, тағылымды шараға тыл және еңбек ардагері Әбиұлы Әбудің ұрпағы демеушілік жасады.

Ата дінімізді дәріптеп, бабаларға ізет көрсету үшін жасалар жақсылық осы сынды шаралармен жалғасын тапса нұр үстіне нұр. Әбу ақсақал әулеті ұйымдастырған бұл бастама елімізде игі бір салтқа айналып, бабалар рухына тиер сауапты іске, қайырлы бір қадамға айналады деген үміт мол.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру