
Құрбан айт – ислам күнтізбесіндегі ең айшықты мереке. Бұл мейрам біздің елімізде мемлекеттік тұрғыда аталып өтетін бұқаралық шараға айналды. Қазақ елінің түпкір-түпкірінде бұл күні құрбан малдарын сойып, қайырымдылық шараларын да көптеп өткізді. Адамдардың ынта-ықыласы осынай ұлық мерекені ұлттық үрдістермен ұштастыруға бағытталғаны да қуанта түседі.
Ақмола облысындағы байырғы алтын кеніші – Бестөбе кентіндегі ұлан-асыр тойға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Наиб мүфтиі, «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз арнайы келіп қатысып, той-тойлаған елге өзінің жүрекжарды тілек сөзін арнады.
Ол қасиетті Құрбан айт мерекесінің тағылымы жайлы әңгіме қозғады. Ислам әлемі мерекелейтін бұл айшықты оқиғаның мұсылмандар үшін аса қастерлі саналатынын атап көрсетті. Бүгінде біздің еліміз бұл мейрамды ұлттық дәстүрлермен ұштастырып, барша халықтық шараға айналдырғанын да тілге тиек етті.
![]()
Алтын кенішінің тұрғындары ғана емес, көрші Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының ауылдарынан да адамдар көптеп келді. «Той болса, қу бас домалайды» демекші, қасиетті құрбан айтта бұл өңірде осындай дүркіреген той алғаш өтіп отыр. Ислам мерекесі мешіттегі дастархан басындағы уағыз әңгіме аясынан шығып, ат шаптырып, балуан күрестіріп, теңге алып, арқан тартысқан спорттық сайыстарға ұласты.
Мұндағы мерекенің биік деңгейде өтуіне сайыс жеңімпаздарына тігілген қомақты жүлделер де айқын дәлел бола алады. Атап айтсақ, жарыс жеңімпаздарына бір мотоцикл, бір түйе, алты жылқы, алды қара мал, он шақты қой және 1 миллион теңге ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Алдымен тойшы қауым жиырма шақырымдық аламан бәйгені тамашалады. Қазақы сәйгүліктер желдей ескен бұл аламанда бас жүлдені Қонысбек Есімов иеленді. Сөйтіп, астындағы атын ауыстырып, темір тұлпар – мотоциклді мініп қайтты.
Тоқ және құнан бәйгелерде де жүлдеге іліккендер бір-бір жылқы, қара мал, қойды сыйлыққа алды. Бұдан басқа, қазақ күресінен де жарыстар тартысты өтті. Балуандар боз кілемде жігітке тән білектің күшін танытты.
Ал, теңге алу, арқан тарту және тағы басқа толып жатқан ұлттық ойын түрлерінен болған жарыстарда жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды. Жаңағы жоғарыда айтқан «төрт тұяқ» сыйлықтар осы жолы «жүзден жүйрік» шыққандарға берілді.
–Ұлттық ойын түрлерінің жеңімпаздарына дүниелік сыйлық өз алдына, ең бастысы қасиетті Құран кітаптар тарту етілді, – деді Бестөбе кентінің бас имамы Жасұлан Махатов. –Сырттан келген меймандарға да елдің қонақжайлылығы рәсімін көрсетіп, сый-сияпаттар жасалды. Осы Құрбан айт күні той-тойлап қана кеткен жоқпыз. Жиырмаға тарта қой жетім-жесірлерге қайырымдылық негізінде таратылды. Ал, жергілікті қоңды тұратын азаматтар орта мектептің отызға тарта шәкіртіне оқу құралдары салынған сөмкелер мен киім-кешектер берді. Бір айтарлығы, қасиетті мереке құрметіне арналған шараны өткізуге кеткен қаражат мен мал-мүлікті қарапайым кент тұрғындары садақа ретінде жинаған еді.
Той-тойлап жүрген елдің мешіті қандай екен деген сауалға да мін таба алмайсың. Себебі, иманды ел алдымен мешітінің көк күмбезін еңселендіретіні анық. Бұл кенттегі жағдайда соған саяды. Ауыл имамының айтуынша, былтырғы жылдың рамазан айында ескі мешітті қайта салуға бастама көтерілген еді. «Жұмыла көтерсе – жүк жеңіл» демекші, елдің бас көтерер және қарапайым азаматтары тізе қосып, мешіттің құрылысын қайта салып, жаңартты.
![]()
Бүгінде мұнда жұма намазына келетіндер мешіттің ішіне ине шаншар орын қалдырмайды десе де болады. Осының бәрі ең алдымен Алланың қалауымен болған игі істер. Бұл жерде жергілікті имам Жасұлан Махатовтың атына да жақсы пікір білдіруге болады. Имамның іскерлігі мен білерлігі осындай имани істерде көрінеді.
Бұл ауылда қазір жаназа кезінде бір жылқыдан артық союға рұқсат берілмейді. Аста-төк ырыздықты далаға шашу шариғатымызда да жоқ. Ал, оның есесіне дарақылықпен босқа шашылатын дүние тыйылып, жетім-жесірлерге қайырымдылыққа қол ұшын созу жақсы үрдіске айналды.
Қазір Құрбан айт мешіттің деңгейінде ғана аталып жүргенін несіне жасырамыз. Ал, шағын ғана Бестөбе кентіндегі бұл мерекелік шара облыс ауқымында өткізетін шаралардан да асып кетті. Сондықтан бестөбеліктердің бұл өнегесі баршаға үлгі мысал бола алады.
Шыны керек, бұл қасиетті мерекеге арналған шара көптің көңілінен шықты. Бірақ, Құрбан айт мемлекеттік мереке ретінде аталып өтсе де, жергілікті билік бұған тек мешіттің тойлайтын мерекесі сияқты қараушылық пиғылы қынжылтады. Елбасы өз Жарлығымен бекіткен мерекені мешітке ысыра салу жақсылық дей алмаймыз. Осы күні қаншама мерекелік және қайырымдылық іс-шаралар болды. Оның бірде-біреуі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілген жоқ. Бұл ел саясатына да томпақ келетіні еш жасырын болмаса керек.
Бәлкім, жергілікті билік ойланар, келесі осындай мерекелерде елмен бірге тойлар деп сенеміз. Әйтпесе, әкімдердің мешітке келіп айт мерекесімен құттықтауымен ғана шектелетін мемлекеттік мереке өзінің бұқаралығына ие болмай, елімізде имандылық санаға берік қалыптасады деу қиын.
Бақыт Смағұл.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.09.2016
4636
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру