Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак университетінің мешітіде жарықтандыру шарасы өтті

18.09.2016 3681 0 пікір

Бүгін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқу-әдістемелік мешітіне Алматы қаласының әкімдігі жарықтандыру шарасын жасады.  Яғни қаланың әсем жерлерінің бірі Әл-Фараби даңғылының бойына көрік беріп тұрған Нұр-Мүбарак мешітіне қосымша шамдар орнатылып, тәулік бойы қасиетті Құранмен нұрланған мекеннің  мерейін үстем ете түсті. Бұл мешітке Нұр-Мүбарак университетінің жатақханасындағы студенттер мен ұстаздар күнделікті 5 уақыт намаз оқыса, әсіресе құптан және таң намаздарында жарықтың әлсіздігі анық байқалатын. Ал жапондық технологиямен орнатылған жаңа шамдар университет кешенін жап-жарық етіп, көріктендіре түсті.


Ректор, профессор Жуда Басюни: «Алматы қаласының әкімдігінің біздің университетімізге, мешітімізді көріктендіруге көңіл бөлуі қуантады.  Бұл дінімізге, шәкірттерімізге тікелей жасалған қамқорлық деп білеміз. Біздің оқу орын Мысыр мен қазақ елінің арасындағы алтын көпір болғандықтан, сонау алыстан келіп білім жолында жүрген ұстаз-ғалымдарымызға да игі әсері мол. Сондықтан біз қазақ елінің дами беруіне әрдайым тілектестікпен, шәкірттерге барынша ынталы түрде білім беруге тырысамыз»,-деп өз лебізін білдірді.

Ал Алматының бас имамы Нұрбек Есмағамбет мырза:

- Алматы қаласының Орталық мешітін осылай жарықтандыру жасағанына да бір ай өткен жоқ, міне тағы қуанышымыз көбейіп жатыр. Қаламызда 47 мешіт болса, Нұр-Мүбарак мешітінің баршамызға орны бөлек. Себебі бұл бүкіл елімізге имамдарды, білікті мамандарды даярлап отырған құтты білім шаңырағы. Сондықтан бұл игі бастама өзге де мешіттерде жалғасын табады деген сенімдеміз. Өйткені мешіт мұнаралары алыстан мен мұндалап, намаз оқитын жамағатқа көрініп тұруы әлбетте құптарлық жағдай,-деп бүгінгі игі шараға  қуанышты көңілімен бөлісті.

Ал осы жарықтандыру тапсырысын орындаушы компанияның маманы, жарықтандыру дизайны бойынша Жапонияға ғана емес Еуропа, Азия елдеріне танымал Томонори ОБУЧИ мырзаны да сөзге тарттық.


- Жапонияда табиғи ресурстар мүлдем жоқ. Сондықтан бізде күн сәулесін пайдалану секілді қуат көзін үнемдеу мәселелеріне қатты көңіл бөлінеді. Елімізде табиғи байлық болмағандықтан, мамандарда тың идея, ұсыныс-жобалар көптеп жасалады. Сондықтан біз Нұр-Мүбарак мешітіне жарық әрі электр қуатына үнемді шамдарды орналастырдық. Менің байқағаным, Алматы қаласы жарықтандыруға өте көп көңіл бөледі екен. Сондықтан, біз өз жобаларымыздың сіздерге пайдасы мол деген үміттеміз,- деді жапониялық дизайнар.

Бүгінгі Нұр-Мүбарак  мешітінің жаңадан нұрлануына бәрінен бұрын университет шәкірттері қуанышты. 

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру