
«Ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылатын, барша мұсылман бауырларымыз асыға күтетін Құрбан айт мерекесі 12 қыркүйекте келіп жетті. Қазақстанда дәл осы күні таңертең барлық мешіттерде айт намазы оқылып, Құрбан айт мейрамы басталды. Қасиетті мерекені қарсы алып, сәждеге бас қоюға күллі мұсылман қауым қаламыздағы мешіттерге жиналды. Семей мешіттері жамағатқа лық толып, ине шаншар орын болмады. Олардың арасында жастардың көптігі әрине бізді қуантты. Исламның ұлы мерекелерінің бірі саналатын һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы – сонау ықылым заманнан бері адамзат өркениетінде өзіндік ізін қалдырып келеді.
«Құрбан» және «айт» сөзінің мағынасы қандай? Осыған кідіріс етсек. «Құрбан» төл сөзімізде «жақындау», «жақын болу», «Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» дегенді білдірсе, «айт» сөзі «мереке», «мейрам», «қуаныш» мағынасын береді. Ал, құрбанның шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Демек, Құрбан айт – жер бетіндегі жұмырбасты әрбір мұсылманның ерекше атап өтер ұлық мейрамы. Семейде ұлық мейрам қалай тойланды... Білгіңіз келсе ары қарай оқыңыз.
![]()
Ескере кететін бір жайт, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазір
еті «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты ұлттық нақышта атап өтуді бекіткен болатын. Ұлық мерекені тойлауда Семей аймағына қарасты қала, аудан мешіттері осы үрдістен ауытқымады.
Айт намазына жиналған қауымға Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауын жеткізді. Одан кейін мешітке жиналған жамағатқа «Ұлық мереке – Құрбан айт» тақырыбында мазмұнға толы уағыздар мен Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарға кеңінен тоқталып өтті.
![]()
– Құрметті жамағат, Алла Тағала жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынайы пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағала Отанымызға әрқашан береке-бірлік берсін, отбасыларыңызға амандық, саулықты нәсіп еткей. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын, – деп Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Қуанышұлы ізгі тілегін білдірді.
Айт намазы оқылғаннан кейін жұртшылық бір-бірінің қолын алып, қапсыра құшақтап құттықтасып жатты. Одан кейін құрбан шалуға үй-үйлеріне тарасты. Семей қаласындағы арнайы құрбан мал шалатын орындар дайындалған болатын. Атап айтсақ, Сары базары,«Северный» базары және Ақшың базарында құрбандық шалу рәсімі айт намазынан соң басталып та кетті. Алдымен, қалалық әкімшілік, «Ақшың» сауда кешені ірі қара малдарын құрбандыққа шалып, сауапты істің бастамашысы болды. Семей мешіттерінде ұйымдастырылған «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы аясында жиналған құрбандық малдары осы жерде сойылып, құрбандық еттері арнайы сөмкелерге бөлініп салынды.
![]()
Игі шараға Семей аймағының өкіл имамы Мақсат Қуанышұлы қатысып, құрбандық шалып, бата жасады. Сондай-ақ, акцияға қатысушы жамағатқа ізгі лебізін білдіріп, шалған құрбандықтары мен жасаған амал-әрекеттерінің қабыл болуын тіледі.
Сонымен қатар, «Құрбан айт қабыл болсын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында қаламыздағы 100 дей кемтар, мүгедек, көп балалы жанұяларға құрбандыққа шалынған малдың еттері таратылып берілді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, биыл «Дін мен дәстүр» жылы. Жылдағы дәстүр бойынша мешіт ауласында ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылды. Мерекенің көрігін қыздыруға келген жамағаттар арқан тарту, гір тасын көтеру, қой көтеру, қол күрес сынды ұлттық спорт ойындарынан бақ пен баптарын қатар сынасты. Жастар қауымы белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
![]()
Жиынға қатысқан спорт саңлақтарына, Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай: «Құрбан айт құрметіне арнайы өткізіліп жатқан спорт сайысын ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз жастардың, ұлы мейрамға деген құрметімен сүйіспеншілігін ояту, асыл дініміздің адамның жанын-тәнін саламаттылыққа тәрбиелейтін өнегесін көрсету. Пайғамбарымыз хадисінде: «Балаларыңды, суға жүзуге, садақ атуға, балуандық күрес өнеріне тәрбиелеңдер», – деген ұлағатты өсиеті бар. Мешіт тек қана құлшылық ету алаңы ғана еместігін көрсеткіміз келеді. Ұлттық спорт түрлерінен жыл сайын жарыстар ұйымдастырамыз. Әр жыл сайын жарыстың сандары артып, жанданып келеді. Құрбан айтты тойлау ауқымы да жылдан-жылға ұлғайуда. Бұған біз әрине қуаныштымыз» дей келе,барша қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада оқ бойы оза шыққан жеңімпазпаздарға Орталық мешіт атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етті. Енді жеңімпаздарға тоқтала кетсек, арқан тартудан I орынды Төкеш мешіті иеленсе, II орынан Тас мешіттің командасы көріне білді. Ал, III орынды Қос мұнаралы орталық мешіт місе тұтты. Кір тасын көтеруден Бақытжан Советханов ешкімге дес бермей I орынды қанжығаласа, келесі орынды Төлеген Сағатаев иемденді. Аділет Сламов есімді азамат III орынға табан тіреді. Білектің күштілігін сынасқан қол күресте Ғабит Сағатаев үздік деп танылса, Төлеген Сағатаев II орынды еншіледі. III орын Бақытжан Советхановқа бұйырды. Құрбан айттағы басты ойындардың біріне айналған қой көтеруден бақ сынасақандар көп болды. Елу килограмдық қойды қырық жеті рет көтерген Жанібек Баширов жеңімпаз атанды. Кіл жүйріктер өз кезегінде разылықтарын айтып, имани думаннан жақсы көңіл-күймен тарасты.
![]()
– Қасиетті Құрбан айтта өткізілген сайыстан жүлделі орын еншілігеніме, әрине, қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бұндай сайыстар жастарды имандылыққа тәрбиелеумен қатар, салауатты өмір салтын ұстануға үндейтіні белгілі. Барша мұсылмандарға айтарым шалған құрбандықтарыңыз, ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын. Айттан айтқа аман-есен жете берейік, – дейді қол күрестен I орынды қанжығалаған Ғабит Сағатаев.
Келесі Құрбан айт мерекесіне Отанымыз тыныш, бірлігіміз бекем болып, аман-есен жетейік!
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.09.2016
3754
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру