Павлодар қаласы жұртшылығы таң атысымен орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне лық толды. ҚМДБ Павлодар өңірінің өкіл имамы Нариман қажы Ермекұлының қазақ тіліндегі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Нұрлан Евфратұлының орыс тіліндегі уағызын тыңдады.
Сонымен қатар мешіт жамағатын құттықтауға арнайы келген облыс әкімі Болат Бакауов «Ислам дінінде ерекше орын алған Құрбан айт мейрамы береке-бірлік, бейбітшлік пен қоғам дамуына ықпалы зор» екенін айтты. Облыс әкімі жастардың ғинаятты, қариялардың ынсапты, әйелдердің ибалы болып, дін мен дәстүріміздің ұштаса, қоғамның оң дамуына тілегін білдірді. Құрбан айт намазында бас имам Нариман Исенов Аллаға шүкірлік айтып, такбирмен Алланы ұлықтап, еліміздің амандығын, тәуелсіздігіміздің тыныштығын тілеп, дұға етумен аяқтады.
Айт намазынан шыққан қала халқы құрбан шалуға қала шетіндегі «Құлагер» ипподромына барды. Мұнда мал союға барлық жағдай жасалған. Көпшілік үшін құрбан шалуға әзірленген арнайы орынды облыс әкімі Болат Бақауов та аралап көрді. Бұл жерде «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің, «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің және «Мұрагер» қайырымдылық мекемесінің өкілдері қызмет көрсетті.
Исламдағы ең ұлық екі діни мейрамның бірі болған Құрбан Айттың алғашқы күні құрбан шалатын орында мерекенің лебі сезіліп тұрды. Мұнда киіз үйлер тігіліп, құрбандық шалуға келген адамдарға тегін дастарқан жайылды. Сонымен қатар, шағын азық-түлік жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Мәселен, «Сағып» шаруа қожалығының бал қымызы және басқа да жеке кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағамен сатылды. «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Хасан Ташайұлы жиналған жұртқа діни мереке туралы уағыз айтып, құрбандық шалудың шарттары мен талаптарын түсіндіріп берді.
Сондай-ақ қасиетті діни мереке қала әкімдігінің қолдауымен және қала мешіттерінің бірлесіп ұйымдастыруымен алғаш рет «Қалалық саябақ» демалыс орталығында қатар тойланды.
Мерекелік шараның бастау сөзін алған шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов:
«Барша павлодалықтарды және қонақтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Биылғы Құрбан айт меркесі қаламызда ерекше аталып өтілуде. Біздің қалалық мешіт имамдары Құрбан айт мерекесіне орай іс-шараларды «Қалалық саябақта» өткізу туралы өтініш жасап, ислам дінінің жауһарларын жұртшылыққа паш ету ниетін білдірген еді. Бұл ислам дінінің ашықтығын, бейбітсүйгіштігін көрсетеді. Өздеріңіз білесіздер соңғы кездері әлемде әртүрлі жағдайлар орын алуда. Әсіресе жастар нағыз ислам құндылықтары мен негіздерін жете түсінбейді. Сондықтан да мұндай шараларды тек мешіт маңында ғана емес, осындай алаңдарда өткізудеміз. Тек Құрбан айт қана емес, өзге дін мерекелері де қаламыздың түрлі алаңдарында ұйымдастырылатын болады». және пәктігін көрсетудеміз. Келер жылы бұдан да көп адам жинап, тойлауға күш саламыз,» - деді.
«Бүгінгі мереке – ислам дүниесіне ғана қатысты емес, бұл адамзаттың мерекесі. Барлық мешіттерде дұға тілеп, елімізде бейбітшілік, ішкі тұрақтылық, ұлт аралық түсіністік болсын деп тілек тіленді. Бүгін біз айт намаз бен құрбан шалу жайын ғана айтпаймыз, бұл күні ең әуелі мейіріміділік пен ізгілік, қайырымдылық қағидаттарын сөз етеміз. Осынау айт күндері жетім мен жесірлерге, мұқтаж адамдарға ерекше мейірбандық танытыңыздар. Құдіретті Алла игі амалдарыңызды қабыл алып, сіздерді, құрметті қала тұрғындары, мейір шапағатына бөлесін,» - «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің аппарат басшысы Нұрлан Ефратұлы.
Құрбан айттың құрметіне Ислам діні туралы, қазақ тарихы жөнінде, ұлттық дәстүр тұрғысында сұрақ-жауап викторинасы балалардың зердесі мен зейінін паш етті. Ал Құран оқудан өткен жарысқа белсене қатысқан балақайлардың ең кішісі 3 жаста, үлкендері 12,13 жасар. Балдырғандар Құранның қысқа сүрелері мен аяттарын жатқа айтып, жиылған қауымды тәжуид дұрыстығы, мақам-маһраждарымен таңдай қақтырды. Одан кейін қалалық спорт бөлімінің жетекшілік етуімен жас жеткіншектер теннис кортында әртүрлі эстафеталық жарыстар, ұлттық ойындар ойнаса, ересектердің арасында батпан тас көтеруден, қол күресінен сайыстар ұйымдастырылды.
Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен белдесулер тартысқа толы болды. Павлода облыстық «Дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты» шәкірттері басқа қатысушылардан басым шығып, 5 салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен балауандар арасында үздік атанды. Жеңімпаздардың барлығына бағалық заттай сыйлықтар табысталды.
Орталық «Мәшһүр Жүсіп», «Ақмешіт» мешіт және қалалық мешіттер жамағатының, облыс Қазақстан Халқы Ассамблеясының демеушілігімен барлығы 12 қазан палау пісіріліп, 3500-ге жуық адамға тегін дәм таратылды, сонымен қатар жұртшылыққа тандыр нан, 900 литрден астам су үлестірілді.
«Бүгін «Қалалық саябақ» демалыс орталығының ойын алаңдары мен атракциондарының барлығы 50 пайыз жеңілдікпен қызмет көрсеткені көңілден шықты» - дейді келушілер. Ал отбасылық тұрпаттағы «Балалар ауылы» тәрбиеленушілеріне ойын алаңқайлары тегін қызмет ұсынды. Бұған қоса 18 қамкөңіл жетім балаға «Ақмешіт» мешіті атынан сыйлықтар тарту етілді.
Ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды жүздестіретін қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Павлодар қаласында осылай аталып өтті.
Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатқа, иманды азаматтарға мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасалды
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл етіп, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін, исі мұсылман жамағат!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.09.2016
3863
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру