Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫНДАҒЫ «ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ» (ФОТО)

12.09.2016 3305 0 пікір

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне жиналған мұсылман жамағаты айт намазын оқып болысымен алғашқы сауапты амалдарын мешіт ауласында жалғастырып кетті. «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары мен шәкірттерінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтізіліп келе жатқан «Қайырымдылық жәрмеңкесі» жамағатты дәмі тіл үйірген тәттілер мен буы бұрқыраған ыстық тағамдарымен қарсы алды.

Бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылған «Қайырымдылық жәрмеңкесінің» шарапатын жақсы білетін жамағат сауда көрігін бірден қыздырып жіберді. Айта кетейік, әр жәрмеңкеден түскен қаржы түгелімен қайырымдылық шараларына жұмсалып келеді. Бұл жайында сайтымызда бірнеше мәрте жариялаған да болатынбыз. Ал, осы жәрмеңкеден жиналған қаражат Астана қаласындағы Балалар үйіне көмек көрсетуге жұмсалатын болмақ.

Күрт суытқан күз салқынында мешіт жамағатына ыстық тағам ұсынып, жылы лебіздерімен жылытқан сатушылар да мерекелік шараны шарықтатып, мешіт ауласында мәре-сәре күй орнады. Жұмсаған қаржысының қайырымдылық шарасына арналатын білгендіктен де болар, артығын алмай кетіп жатқандары да қаншама?!

«Қасиетті айт мерекелері мен ұлттық мейрамдар кезінде мешіт ауласында «Қайырымдылық жәрмеңкесі» тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазіргі кезде жәрмеңкеміздің аясы кеңейіп, сөрелердегі тағамдарымыз да түрлене түсуде. Тіпті, бұл жолы біздің жәрмеңкемізге Астана қаласындағы «Тәп-тәтті», «Рафе», «Мармеладка», «Чизи», «Сладкая сказка» секілді кондитерлік компаниялары мен «Диван» мейрамханасы да атсалысып, өз өнімдерін тегін беріп отыр. Алғашында қалай болар екен деп жүрексіне бастаған ісіміздің бүгінде осындай үлкен шараға айналғанына қуанышытымын», – дейді игі шараның ұйытқысы болып жүрген «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Элмира Бұхарбаева.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру