
Бүгін ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Мансуров «Қазақстанның орталық коммункациялар қызметі» баспасөз орталығында қасиетті Құрбан айт мейрамына орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Облыстың БАҚ өкілдері бас қосқан келелі кездесуде бас имам Батыржан Берденұлы алдымен ұлық мереке Құрбан айт мейрамының құндылығы, құрбандық шалу дәстүрінің шығу тарихы, оның қоғамдағы мәні мен маңызына тоқталды. «Құрбандық шалуды тек мал сойып, етін жетім-жесірге, мұқтаж жандарға таратып беру деп түсінбеу керек. Бұл – Алла тағалаға деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі. Мұнда Алла әміріне бауыр еті баласына дейін қиюға дейін барған Ибраһим (а.с.) пайғамбарымыздың асқан тақуалығы көрініс береді. Құрбан шалу – ықылас пен ниеттің ең көркем, ең кемел үлгісі. Сондықтан біз құрбан шалудың Алла алдында сансыз сауапқа толы құлшылық түрі екенін ескергеніміз жөн», – деді Б.Берденұлы.
Сондай-ақ, өкіл имам тілші қауымға шариғат бойынша құрбан шалу әдептері, құрбандыққа шалынатын мал түрлері, құрбандық етін таратудың шариғи үкімдері туралы мәліметтер берді.
Баспасөз өкілдері қойған сұрақтарға жауап берген өкіл имам Құрбан айт намазының Атырау облысы бойынша оқылу уақыты және айт намазы күні «Иманғали» орталық мешітінінің ауласында мерекелік іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар мен қайырымдылық жұмыстар ұйымдастырылатыны жайында хабар берді. Сондай-ақ, Құрбан айтқа байланысты діни мәліметтер қамтылған арнайы бүктеме парақшалары шығарылып, мешіт жамағаттарына таратылғанын да жеткізді.
Атырау облысы






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.09.2016
3694
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру