
Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамын аса жоғары деңгейде атап өту әрбір мешіт ұжымы үшін үлкен сын екені белгілі. Осы ретте ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы қала имамдарының басын қосып, мереке алды дайындық жұмыстарын пысықтады.
Басқосуды Алланың атымен бастап, әріптестерін алда келе жатқан айт мерекесімен құттықтаған бас имам «Ынтымақ пен бірлік, кешірім мерекесін ерекше көңіл-күйде қарсылап және оны жақсылап өткізу – барлық мұсылман жамағатына ортақ міндет. Аллаға жақындауды ниет етіп, Құрбан шалған, айт намазына қатысып, бір-біріне дұға, ізгі тілек тілескен ағайынның қуанышына ортақтаса білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан мешітке қадам басып келген жамағаттың бауырмалдық сезімін арттырып, асыл пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін халыққа кеңінен насихаттайтын шаралар ұйымдастыруды да ойластыруымыз керек», – деді.
Жиын барысында Б.Берденұлы қала мешіттерінде Құрбан айт мерекесінің ойдағыдай өтуіне бірден-бір жауапты имамдарға жеке-жеке тапсырма берді. Бұл ретте бас имам аталған дайындық жұмыстары үш бағытты қамтиды, атап айтқанда, біріншіден, мешіттердегі тазалық жұмыстарын жандандыру, сенбіліктер өткізу, екіншіден, қайырымдылық бағытында жамағатқа құрбан етін тарату жұмыстарын жүйелі жүргізу, үшіншіден, қазақтың ұлттық спорт ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырып, Құрбан айт мерекесінің қызықты өтуіне ат салысуымыз қажет, – дей келе, мерекенің өту бағдарламасын бекітті.
Сондай-ақ, жиын соңында мешіт жанындағы сауат ашу курсының жұмысын жетілдіріп, білім сапасын арттыру, тура жолдан адасып, жат ағым жетегінде кеткен қандас бауырларымызды дәстүрлі Ислам дініне қайтару жұмыстары жөнінде де біраз мәселелер талқыға салынды.
Облыстық «Иманғали»
мешітінің баспасөз қызметі









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.09.2016
3498
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру