Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе қаласында Құрбан айт мерекесінің дайындығы пысықталды

08.09.2016 4091 0 пікір

Ақтөбе қаласының әкімі Илияс Испановтың басшылығымен Ақтөбе қаласында Құрбан айт мерекесінің дайындығына қатысты жиналыс өтті. Жиналыс барысында мерекені жоғары деңгейде атап өтуге бағытталған бір қатар іс-шаралар жоспары бекітіліп, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Айт күндері Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің алаңына 8 киіз үй және Ақтөбе қалалық орталық мешіті ауласына 2 киіз үй тігіледі. Ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, мерекелік айттық дастархан жайылатындығы жөнінде хабарлаған әкімдік қызметкерлері бүгінгі таңда барлық дайындық жұмыстары пысықталып жатқандығын жеткізді.


ҚМДБ-ның пәтуа бөлімінің бекітуі бойынша қыркүйек айының 12-жұлдызында Ақтөбе облысында айт намазы таңғы сағат жергілікті уақыт бойынша 08:00-де оқылады. Айтулы мерекенің басты ғибадаты – құрбандық шалу рәсіміне айт намазын оқыған соң кіріседі. Айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандық ретінде есептелмейді.

Айттың алғашқы күні «Нұр Ғасыр» мешітінің алаңында Ақтөбе қалалық «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі өтеді. Сонымен қатар Дін істері басқармасы мен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті бірлесіп,  Құрбан айт мерекесінің қарсаңында мешіт жамағаттарының арасында футболдан жарыс өткізбек.


Бұл мереке күндері әрбір шамасы жеткен мұсылман баласы құрбан малын шалып, Алла алдындағы міндеттерін өтейді. Осыны ескере отырып, биылғы жылы 12-13-14 қыркүйек Құрбан айт күндері Ақтөбе қаласының әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Сонымен құрбандық еттерін жинап, қаладағы мұқтаж отбасыларға таратылатын болады. Ақтөбе қаласы әкімдігі әзірлеген 5 құрбандық шалу орны мыналар: 1. «Есік» ЖШС ет комбинаты (Мал базар ауданы); 2. ЖК «Молдабеков» (Мал базар ауданы); 3. «Кіші құм» шаруа қожалығы (Мағаджан орман шаруашылығы, Заречный-3 ауданы); 4. СПК «Айбек» (41 разъезд ауданы); 5. «Тандем» ЖШС (Хобда тас жолы бойындағы Оңтүстік-Батыс ауданы, ескерту: тек қана ірі қара мал сойылады). Қалада бұдан өзге орындарда құрбандық шалынбайды. Мешіт маңдарында мал сатылмайды.

 

 «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру