Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Білім күніндегі наиб мүфти тәлімі (ФОТО)

02.09.2016 3794 0 пікір

Бүгін – Білім күні. Республика көлемінде барлық білім мекемелері алғашқы қоңырауын қағып, білім ізденген балғындар мен жастарға айқара құшақ ашты.

«Астана» медресе-колледжі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ел төрінде бой көтерген еңселі білім ошағы. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни медресе колледждерге білім беру бағдарламасына оңтайлы өзгерістер енгізіп, оқу сапасына үлкен басымдық берген еді. Республикамыздың атаулы күнінде «Астана» -медресе-колледжінің шәкірттері «Нұр Астана» орталық мешітінде ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының тәлімін тыңдады.

«Сүйікті Отанымыз бүгінде іргетасын біліммен қағып, ғылыммен болашағын ұштастырды. Мемлекетіміздің қамқорлығымен ел руханиятында ауқымды істер еңсерілді. Қазірде білім қуып, ғылым игерем деген ізгі талапты жастарға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Діни басқарма тарапынан медреселерде терең білім алып, асыл дінімізді халыққа насихаттау үшін де маңызды жоспарлар құрылды. Осының барлығы еліміздің жарқын болашағы үшін, сіздер және келешек ұрпақ үшін атқарылуда. Елдің сенімін, ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, білікті маман болып шығу сіздердің ендігі әрі негізгі міндеттеріңіз. Бір Алланың разылығы һәм еліміздің мүддесі үшін білім алып, қызмет қылыңыздар. Жаратқан Хақ Тағала сіздерге пайдалы ілім нәсіп етсін. Хаққа жүгініп, халыққа қызмет қылар салиқалы жастар легін толтыра беріңіздер. Білім күні құтты, берекелі болсын», - деп наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі ниет-тілегін білдірді.

«Білім – өмір шырағы» атауымен өткен бұл шараға ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, «Астана» медресе-колледж директорының орынбасары Қанат Оңғарбаев және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов қатысты. Шара барысында медресе шәкірттеріне сауапты да салмақты салада білім алудың жауапкершілігі, дәстүрлі дін білімінің ерекшелігі, дін маманына қажетті талаптар, заманауи білімді қатар әрі жетік меңгеру сынды тақырыптар тарқатылып, ақыл-кеңестер айтылды. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын қалыптастыру, діни радикалды идеология және олардан келетін қауіп-қатермен қоғам болып күресудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, дінаралық татулық пен келісімді нығайту, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды насихаттау мәселелері түсіндірілді.

Айта кетсек, биыл «Астана» медресе-колледжіне түскен шәкірттер саны жылдағы көрсеткіштен екі есеге, яғни жүзге жуықтаған. Оқу орнында дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабы негізіндегі ислами біліммен қатар зайырлы пәндер де оқытылады.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру