Бүгін "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университеті Білім күнін салтанаттты түрде қарсы алды. Жиынды ашқан университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім ректор, профессор Жуда Басюнидің ыстық сәлемін жеткізе келе:
- Бұл оқу жылы жылдағыдан ерекше. Биыл университетіміздегі студенттер саны алғаш рет мыңнан асып, 1067 болды. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін білім гранты да 190-ға жетті. Оқу орнымыз жаңа оқу жылына сақадай сай. Біз сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз. Себебі, бізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, мемлекетіміз, бүкіл ел үміт артып отыр. Өздеріңіз білесіздер, түрлі діни ағымдар әр жерден төбе көрсетуде. Соларға тойтарыс беретін өздеріңдей білімді жастар болмақ. Сондықтан биыл университетіміздің магистратура, докторантура бөлімдеріне де таңдаулы болашақ ғалымдар қабылданды. Біз сіздерге жасалып жатқан бар мүмкіндікті пайдаланып үмітті ақтайды деген сенімдеміз,- деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Жаңа оқу жылымен құттықтау үшін сөз алған университеттің құрметті ұстаздарының бірі, доцент Базар Хамзеева: «Менің "Нұр-Мүбарак" университетінде қызмет еткеніме 6 жыл болды. Кеңестік уақытта өмір сүрдік, дінді көп түсінбедік. Ал, бұл университетке келіп көзіміз ашылып, көкірегіміз нұрға толып жатыр. Мен елімізде осындай оқу орны барына және онда өзімнің қызмет етіп жатқаныма өте қуаныштымын. Бізде «Дінтану» мамандығы бойынша сырттай бөлім бар. Одан заңгерлер, кәсіпкерлер, білікті қоғам өкілдері келіп білім алып шықты. Мұндай мүмкіндік басқа ешбір оқу орнында жоқ. Сондықтан, қымбатты балалар, жаңа оқу жылының әрбір сәтін қалт жібермей, ел болашағы үшін білім алуларыңызға тілектеспін», - деп жаңа оқу жылы алдындағы оқу орын ұжымына ақ жол тіледі.
Ал, университеттегі жастар комитетінің мүшесі, жоғары курс студенті Елдос Жұмаділда студенттерге қатысты пікірімен бөлісе келе:
- Бізге Алла Тағала Құранның ең алғашқы аяты арқылы «Оқы» деп әмір етсе, ең соңғы түскен аятында тақуалықтың маңыздылығын айтады. Сондықтан, білімнің нәтижесі тақуалық болу керек, - деп білім алудағы тақуалықтың артықшылығына да тоқталып өтті.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
01.09.2016
3563
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру