Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті

26.08.2016 3416 0 пікір

Асыл дініміздегі ең сауапты істің бірі – мұқтаждың мұңын ойлап, қиналған жанға қайырымдылық көмек көрсету. Өйткені, бұл өмірде құлағанды сүйеуге, қиналғанда қолдауға зәру қаншама жандар бар. Міне, осындай жабырқаулы отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров «Қуанса, бала қуансын!» деген бастама аясында 25 тамыз күні «Мектепке жол» қайырымдылық шарасын өткізді.

Өз өтініштерін арқалай келген ата-аналарды «Иманғали» орталық мешітіне жинап, басын қосқан Бас имам Батыржан Берденұлы ең әуелі білім алып, оқуға ден қоюдың маңызы мен тәрбиелі, ақылды, иманжүзді болып өсудің болашақ өмірге әкелер пайдасы хақында балаларға насихат айтты. Мұнан соң өз қолымен бүлдіршіндерге оқу құралдары салынған мектеп сөмкелерін табыс етті. Айтпақшы, бұл қайырымдылық шарасында оқушы сөмкесінен өзге, мектеп формалары да (көйлек, шалбар т.б.) қамтамасыз етілді.

Айта кететін тағы бір жайт, мешіттен бастау алған «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы «Дина» орталық базарында да жалғасын тапты. Сондай-ақ, осы ауқымды қайырымдылық шараға ат салысып, көмек қолдарын созған жомарт жандарға Алла разы болсын дегіміз келеді.

«Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру