ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынған «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында Шығыс Қазақстан облыстық "Халифа Алтай" мешіті мен Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Зайырлы қоғамдағы ұлттық және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдар институтының рөлі» атты өңірлік қариялардың I форумы болып өтті.
Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған бұл алқалы жиынға ҚМДБ Өскемен аймағына қарасты 10 аудан мен Өскемен, Риддер қаласынан 170-тен астам ел ағалары, абыз ақсақалдар шақырылды.
Сонымен қатар, жиынға ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің басшысының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, ҚР МСМ Дін істері комитетінің Дін мәселелерін зерттеу, талдау ғылыми орталығының Исламды зерттеу бөлімінің басшысы, дінтанушы ғалым Мұхан Исахан, ШҚО Дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов және облыстық «Нұр Отан» париясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Басқосудың мақсаты: дініміз бен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық және рухани құндылықтарымызды ұлықтау, салтымыздың жақұт-жауһарларын қайта жаңғырту, ұрпақ жадына орнықтырып, санаға сіңіруге бағытталды.
Алқалы жиында сөз алғандар қазіргі таңда елді елеңдетіп, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардың тамырына балта шауып, жолын кесудің бірден-бір жолы салт-дәстүрімізді жаңғыру, әлеуметтің діни сауаттылығын арттыру, жамағатқа дұрыс діни түсінік беру екендігін баса айтты.
Жиында салттық рәсімдерді бірізділікке салу, ысырапшылдыққа салынбау, осыған байланысты мәселелерді ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар негізінде орындау ұсынылды. Форумда ақсақалдар осы бағытта шешімін таппай келе жатқан ойлар мен ұсыныстарды ортаға салды.
Жиында әрбір ұсыныстар жүйелеп, оған іріктеліп, ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің басшысының орынбасары С.Шоқанов пәтуаларын айтып түсінік берді. Ең маңызды ұсыныстар кеңінен талқыланып, сол бағытта шешім қабылданды. Марқұмды аттандыруда ысырапшылдыққа салынбау, зираттарды әсемдемей қарапайым барлығы бір деңгейде болдыру қатарлы мәселелерді бір жүйеге түсіруге келісілді.
Сонымен қатар, қариялардың бата беру, сәбиді бесікке салу дәстүрін жаңғырту қатарлы ұсыныстар айтылды. Марқұмды жоқтау, көріс айту қатарлы салтты жаңғыртудың маңыздылығын ортаға салды.
Жиында сөз алғандар ақсақалдардың да салауатты, ойлы, жастарға, қауымға берер тағылымы мол атына заты сай болу керектігіне де тоқталды.
«Қазіргі таңда жат ағымдардың алдын алу мақсатында, ұлтымыздың салт санасының озық үлгілерін жаңғыру, оны насихаттау, діни сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Бұл игі шаралар кері ағымдардың таралуына жол бермеу, дінімізді дәстүрмен ұштастыруға бағытталған», - деп атап өтті ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы.
Жиынға қатысушыларға Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы таратылды. Ақсақалдар форумының тұжырымдамасы қабылданды. Форум өз жұмысын табысты аяқтады.
Жиын соңында ақсақалды қария осы форумның аса маңызды болғандығын атап өтіп, елімізге бейбітшілік және жақсылық тілеп ақ батасын берді.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.08.2016
4637
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру