
Биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек арылығында жыл сайын өтіп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы осымен тоғызыншы рет қолға алынып отыр. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы болған ҚМДБ бұл шараға үлкен маңыз беріп келеді. Нақты айтар болсақ, Діни басқарманың еліміз көлеміндегі мешіттер іс-қызметтерінің негізгі 4 бағытының бірі – қайырымдылық шаралары. Сол шаралардың ішіндегі тұрақты дәстүрге айналғаны «Мектепке жол» акциясы. Акцияны өткізудегі мақсат – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде және әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету екендігі белгілі.
Бұл шараға Павлодар облысындағы барлық мешіттер жыл сайын тұрақты атсалысып келеді. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің тізімінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж жанұялардағы 62 балаға сөмке, оқу құрал-жабдықтары, сондай-ақ, мектеп формасы, қажетті спорт киімдері дайындалып, бұл сыйлықтар балаларға мешіт ішінде арнайы табысталды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дегендей, биылғы бұл игі шараға Елеукенова Бақытжамал қажы, Байзельдинова Рысты қажы апалар, «Тағам» асхана желісінің директоры Ақнұр Әбдімәлікқызы, құрылтайшысы Жеңіс Кенішбекұлы, мешіт жамағаттары Нұрматов Үміт, Ульян Мақұл, Күләш апай, Омаров Аблайхан, Қошанова Құндыз, Ыбырайхан Аян, Баян Жәкенқызы қатарлы иманды азаматтар өз шамаларынша үлестерін қосқанын атап өткеніміз жөн.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» мешіттің наиб имамы Қанат Қадыкәрімұлы жас ұрпақ өкілдеріне алда келе жатқан білім маусымында жақсы оқып, еліміздің болашақ тірегі болатын ұландар болып өсуіне тілектестігін білдірді. Наиб имам өз сөзінде «Бұл акция игі дәстүрге айналған. Былтыр да жүзден астам балаға арнайы мектеп формасы мен сөмке үлестірген едік», - деді.
Мұндай ізгілік шаралары облыстың барлық аудан орталықтарындағы мешіттерде де қолға алынып отыр. Мәселен, Железин аудандық мешіті аудан орталығындағы № 3-ші қазақ мектебінің екі оқушысына бекітілген бірыңғай форма, сөмке, оқу құралдарын сыйласа, Екібастұз қалалық мешіті №19 жалпы білім беру мектебінде оқитын жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесті.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.08.2016
3545
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру