Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Халифа Алтай» мешіті қайырымдылық концертін өткізді

05.08.2016 3944 0 пікір

«Халифа Алтай» мешіті қайырымдылық концертін өткізді

 

ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігі, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешіті Өскемен қаласындағы ең ірі  «Металлургтер мәдениет сарайында» қайырымдылық концертін өткізді.

Церебралды сал ауруына шалдыққан (ДЦП) Елжан Кенжебекке көмектесу мақсатында осындай ірі игі шара шығыс өңірде тұңғыш рет жүзеге асырылды.

Концертке Өскемен қаласының жаны жомарт, ән сүйер қауымы молынан жиналды.

«Сіз көмектесе аласыз» атты қайырымдылық концертіне Шығыс Қазақстандық өнер жұлдыздары түгелдей қатысып, әсем ән, күмбірлі күй төгіп, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады.

Бұл шараны өткізуге облыстық «Халифа Алтай» мешітінің жанынан құрылған «Самрұқ» зияткерлік клубы мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері белсенді ат салысты.

Сонымен қатар облыстық, қалалық мешіттердің имамдары мен қызметкерлері де қайырымдылық концертінің ойдағыдай өтуіне өз үлестерін қосты.

«Діни басқарманың арнайы бекіткен төрт бағытының бірі-қайырымдылық шараларын түрлі форматтарда ұйымдастыру, мұқтаж жандарға қол ұшын беру басты мақсаттардың бірі ретінде атқарылып келеді. Бүгінгі өткізіп отырған шара да соның жалғасы іспетті. Бұл бір жағынан халықты өнермен сусындату болса, бір жағынан көмекке зәру жанға жан шуағын сыйлау, халықты қайырымдылыққа баулуға бағытталды. Сіздер көңіл көтеруге емес, қайырымдылық жасауға келіп отырсыздар, Тамшыдай болса да қосқан үлестеріңізге Алла сауаптан жазсын» деп атап өтті Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы. 

Сонымен қатар ол көрермендерге және өз өнерлерімен сауапты іс жасаған өнерпаздарға алғысын білдірді.

Билет сатудан түскен 647 мың теңге көлеміндегі қаражат концерттің соңында Елжанның ата-анасына елдің көзінше сахнада табысталды.

Жалпы концертке жиналған көрермендер және Елжан Кенжебектің ата-анасы осындай игі шара ұйымдастырып, баласының сырқатына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмек жасаған ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігіне ақжарма алғысын білдірді.

Жиналған көрермен қауым да өздерінің осындай шарапатты да сауапты іске ат салысқандарын шынайы сезініп, риза болып тарқасты.

 

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру