Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Мешітке де сервис қажет», - дейді аудан имамы

04.08.2016 4291 0 пікір

«Мешітке де сервис қажет»,- дейді аудан имамы

 

«Сервис»  сөзі туралы білмек болғанымызда, оған   «пайдаланушыға қызмет көрсетуге арналған құралдар жиынтығы» деген анықма беріліпті.

Бүгінде  қасиетті дініміздің рухани ордасы  болған  мешіттерімізге заманауи имам  қажет деген сөздер әр жерлерде айтылып жүр. Ендеше, заманауи имам деп кімді және қандай имамды айтамыз?,- деген сұрақ заңды түрде туындайтыны белгілі. Әлбетте, бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап берсе де, ең бастысы  дәл бүгінгі заман талабына сай рухани ілім-біліммен толық қаруланған, асыл дініміздің шариғатын бүге-шігесіне дейін жіліктеп-талдап  айта алатын, дініміз бен дәстүріміздің үйлесімін айыра білетін әрі оны түсіндіре білетін, сонымен қатар,  хақ ілімі мен уақыт талабын ұштастыра білетін дін қызметшісі деген басты көрсеткіш алда тұратыны анық.

 Ендеше діни қызметтің  негізігі тұлғасы болған мешіт имамдары осы айтылған талаптарды атқару үшін  құр ділмарсып,  тілмен жаққа сүйеніп дәлел-патуасыз көбік  мылжыңмен «сөз қадірін кетіріп жүретін болса» (Абай), еш нәтиже бермейтіні, ал  керісінше өзінің  нақты іс-қызметі арқылы көптің көңілінен шыға білсе  сол ауыл, ауданның күллі халқы оны рухани ұстаз ретінде пана тұтып, оған қарай ағыла бастайтын болады. Асыл дінімізді насихаттап, дамытуда кірген адам Жаратушының хикметін сезіне білетіндей  көз тартар көрікті мешіт,  мешіттің іші-сырты, айналасында аяқ басқан пенделердің  күні бойғы күйкі тірліктің құрсауынан бір сәтке арылып, рухани түлеп, Алла Тағаланың  құзырындағы  құлдық  борышын сезініп,  алдағы мәңгілік ақыретінің қамын ойлап  амал жасауы  үшін өздерін жайлы сезінетін ортаны (бүгінгі тілмен айтсақ сервис) қалыптастыра білу  ең басты көрсеткіштің бірі болмақ. Әйтпесе, «құр аяққа неке жүрмейтініндей» адамдар нәпсі қалауына сай  басқа жайлы орда мен ортаға бұрылып кететін болады.

Арқа төсіндегі алып өндіріс ошақтары шоғырланған шағын қалалардың бірі Павлодар облысының Ақсу ауданы.  Аудан орталығындағы  Ақсу қалалық мешіті  тәуелсіздік жылдарының  екі ғасыр алмасқан аралығында   өз жамағаты, шәкірттері, белсенді көмекшілерінің көптігімен өңіріміздегі ең алдыңғы  мешіттерінің қатарында. Мұнда   мешіт тарапынан  діни іс-қызметтер мен әртүрлі рухани іс-шаралар ұйымдастыру үшінгі  материал-техникалық  базасы, жайлы орынжайлар, қолайлы мүмкіндіктермен толық жабдықталуда. Сөз басында айтқанымыздай,  мешітке келген  жамағатқа жасалатын жайлы мүмкіндіктің барлығы  да мұнда  жасалуда. Бір сөзбен айтсақ, дәл қазір қалалық мешіт маңы әртүрлі шағын  обьектілер салынып жатқан құрылыс алаңы тәрізді.

Биылғы көктем айларынан бастап қолға алынып атқарылып  жатқан  келелі шараларды Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Омаров Әбдімүтәли Жұмаділлаұлының өз сөзімен айтар болсақ: «Біздің қалалық мешіттің сиымдылығы бес жүзден астам адамға арналған, әрине жұма намазы, екі Айт мерекелері басқа да күндері мыңдаған адамдар келіп, сыйысып құлшылық амалдарын атқарып жатады. Мешітімізде діни рәсімдерді  атқаруға, дүниеден өткен бауырларымыздың   жетісі, қырқы, жылы қатарлы  еске алу шараларын өткізуге арналған  500 адамдық толық жабдықталған асхана бар. Бірақ қала халқының басқа да рухани сұраныстарын толық өтеуге, оларды мешіт маңына көптен тарту, топтастыру үшін бұл аздық етеді. Мешіт жамағатымен көрікті дейтін болсақ, олардың  мешітке кіріп 5 уақыт намазын өтеп, уағыз тыңдап қана қоймай, қарттарымыз немерелерін ертіп мешіт жанындағы  арнайы жарықтандырып, асфальттап көріктендіріп қойған саябақта отырып демалуына, өзара әңгіме-сұхбат жасауына қолайлы мүмкіндіктер жасалған.  Осы көктемнен бастап демеушілер, дін жанашырлары, кәсіпкер азаматтардың көмегімен  7-8 обектіні қатар қолға алып тұрғызып жатырмыз. Мәселен,   қыстың суық бұрқасын күндері, немесе жаздың аптап ыстығында  400-500 адам еркін сиятын мерекелік шаралар өткізетін орын, сонымен қатар мешітке жапсарлас жаңадан «Құран оқитын, неке қиятын бөлме», мешіттің өз жанына құрбан шалуға арналған мал соятын,  таза жылы сумен қанымдалған, ет мүшелейтін сақтайтын орындармен толық жабдықталған  қасапхана, ет асатын, пісіретін 3 қазандық орналасқан  арнайы пеші-ошағы бар жеке қазандық бөлме салынды. Мұндағы 3 қазандықтың сыйымдылығы 1000 литрден асады. Сонымен қатар мұздатқыштар қойылған 60 шаршы метрлік қойма да салынды. Мешіттің кіреберісі  сыртына қарай кеңейтіліп, ер, әйел адамдардың бес-алты жүзге жуық  аяқ киімдерін шешіп қоятын сөрелер бөлек-бөлек орналастырылды. Мешіттің алдыңғы ауласындағы  жаназа намазын оқитын орын да кеңейтіліп жаңадан арнайы жоба сурет бойынша жасалуда.  Ал ең бастысы мешітің  дәретханасы, асханасы, қасапханасы  барлығы  да демеушілердің  қаражатымен арнайы 200 метр құбыр жаңадан тарту арқылы  қалалық орталық канализацияға қосылды. Бұл енді үлкен жетістік. Енді осы күзден қалдырмай  мешітіміздің  сыртын жаңадан өңді-өрнекті кірпіштермен толық қаптап, әрлеп шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін мешіттің  тағанын (фундамент) жаңадан жөндеу жұмыстары жүргізіліп те қойды. Әлбетте мешітке адамдар өздері үшін келеді. Бірақ бәрібір мешітке де сервис керек»,-деп бітірді аудан имамы өз сөзін.

Бұл бас имам Әбдімүтәли Жұмаділлаұлының бастамасымен биылғы көктемнен бері атқарылып жатқан  игі істердің бір парасы ғана. Ал Жолқұдық ауылында бірнеше  жылдан бері  4 баланы жалғыз өзі асырап отырған жалғызбасты әкенің жағдайын жасауға  Алланың ризашылығы үшін қолға алған ісінің өзі біртөбе. Сансыз сауаптарға бастайтын бұл жақсылығы туралы алдағы уақыттарда арнайы тоқталатын боламыз.

Алла Тағала баршамызға тек жақсы істердің басы-қасында кездесе беруімізді нәсіп етсін!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру