Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Қобдада жалғасын тапты

25.07.2016 3340 0 пікір

Атақты Исатай, Махамбет бастаған әйгілі күрестің соңғы шайқасының куәгері – Қобда ауданына өкіл имам Т.Оспан арнайы барып, жергілікті жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, әкімдік ғимаратында мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, ата-аналар мен аудан ақсақалдарының қатысуымен кездесу өтті. Аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы модераторлық еткен жиында өкіл имам Төлеби Оспан «Теріс ағымның зиян-зардабы» тақырыбы аясында баяндама жасап, бала тәрбиесі, Ислам дінінің салиқалы орта жолын ұстану т.б. мәселелерге тоқталды. Кездесуге қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан ауылдардағы жамағатпен кездесу өткізу, мектептерде зиялы қауымның қатысуымен тәрбие сабақтарын жүргізу сынды бірқатар ұсыныстар айтылды.

Аудан әкімі М.Шермағанбетпен өткен жеке кездесу барысында өкіл имам Төлеби Дәділұлы ауданға қарасты мешіттер халыққа қалтқысыз қызмет ету үшін әрдайым қамқорлық танытуға, имамдарға қол ұшын беруге, мешіттерді ҚМДБ балансына өткізу жұмыстарын ықпал етуін сөз етті. Аудан орталығындағы теріс ағым ұстанушылармен жүйелі жұмыс жүргізу мәселесі де қозғалды. Өз кезегінде әкім Мейрамбек Зинабдинұлы аудандағы ҚМДБ филиалдарының қызметін жетілдіру, құжаттандыру жұмыстарына көмектесетіндігін жеткізді.

Одан әрі кездесу аудандық мешіт жамағаты және мешіттің алқа мүшелерімен өтті. Мешіттің алқа мүшелеріне өз міндеттері түсіндіріліп, мешіт қызметін жетілдіру бағыты бойынша ұсыныс-пікірлерін өкіл имам ортаға салды. «Мешіт алқасы – мешіттің ішкі тәртіп мәселелерін қарайтын, мешіт көлеміндегі арыз, дау-жанжалдарды шешуі тиіс. Жергілікті деңгейдегі келіспеушіліктер мен арыз-шағымдардың оң шешімін табуына алқаның қосар үлесі айрықша. Халық мешітте осындай мәселелерді қарайтын арнайы ақсақалдар тобының бар екендігін білуі керек. Сондай-ақ, ел арасында түсіндіру жұмыстарына ықпал етіп, атқарылып жатқан игі істерді насихаттауға шақырамын», - деп алқа мүшелерін қоғамның тыныштығы мен бірлігіне және жамағаттың ынтымағына атсалысуға шақырды. 

Аудандағы теріс ағымдағылармен де жекелеген кездесулер жүргізіліп, дәстүрлі Ислам ұстанымдарын түсіндірді. Қоғам бірлігі үшін Ханафи мәзһабына бойұсыну, мемлекеттік құрылымға бағынудың қаншалықты маңызды екендігі айтылды.

Сонымен қатар, Әлия ауылындағы заманауи талаптарға сай бой көтерген «Рахман» мешітімен танысып, жамағатпен жүздесті. Аудандағы Ішкі саят бөлімінің басшысы Оразова Ақшолпан өзі жол бастап, кездесулердің сапалы әрі жүйелі өтуін ұйымдастырып отырды. Өкіл имам Т.Оспанның арнайы сапары үшін аудан әкімі М.Шермағанбет өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта әріптестік танытуға дайын екендігін жеткізді.

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық

 мешітінің баспасөз қызметі   

       

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру