Ақтөбе облысының Хромтау ауданының орталығында орналасқан «Нұр» мешітіне арнайы ат басын бұрған өкіл имам Төлеби Дәділұлы жамағат алдында «Саңлақ сахабалар және олардың нығметке шүкір етуі» тақырыбында жұма уағызына шықты. Уағыз барысында Жаратқан жұмыр басты пендеге сыйлаған сансыз нығметтеріне шүкір етудің маңыздылығына тоқталып, Тәңірдің тарту еткен тәуелсіздігін бағалауға шақырды. Кешегі елдің берекесін қашырған қаскөйлердің ісі мұсылманшылыққа жат әрекет екендігін тілге тиек еткен өкіл имам жамағатты ондай қаскүнемдіктіктен аулақ болуға үндеді. «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде «Кімде-кім өз үйінде амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», - деген. Ал, біз ас үйіміз бір күндік емес, бір айлық азық-түлікке толы, ешқандай қауіп-қатерді ойламай, бала-шағамыз қасымызда болып, қаншама таңымызды аттырып жатырмыз? Ендеше, біз Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, дүниені алдымызға жинап алған бақытты жандармыз. Жамағат болып жиналып Жаратқанды ұлықтап, құлшылығымызды орындаудамыз. Міне, мұның барлығы да біздің шүкір етуімізге жеткізікті емес пе?! Сондықтан елдің бірлігі мен қоғамның тыныштығын сақтайық», - деген үгіт-насихатын хромтаулық жамағатқа жеткізді.
Жұма намазынан соң аудандағы жас жамағаттың бір тобымен арнайы кездесу өткізіп, фиқһ, ақида тақырыптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәзһаб ұстанудың маңызыдылығы, құлшылықтағы біркелкілік, Аллаға мекен беру мәселесі сынды сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, «Ақтөбе» медресесінің ұстазы Жексенбай Торбаев және Алматы облысындағы «Үш Қоңыр» медресесінің ұстазы Исмайл Шадманов кездесу барысында жоғарыдағы тақырыптарға қатысты өз ойларын ортаға салып, жастардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Өз кезегінде жастар алдағы уақытта мешіт ұстаздарынан дәріс алып, білімдерін жетілдіруге уағдаласты. Осылайша, Хромтау ауданына жасалған өкіл имамның сапар сәтті өтті.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.07.2016
3530
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру