АҚТӨБЕ. РАМАЗАН ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 20 160 адамға ауызашар, 404 мұқтаж отбасына азық-түлік, 800 адамға тегін нан, 33 адамға қаржылай көмек көрсетіліп, 13 сауда орны 10% жеңілдік жасады

Ақтөбе облысындағы қасиетті Рамазан айының насихат жұмыстары өкіл имам Т.Оспанның арнайы баспасөз мәслихатын өткізумен басталды. Қала, аудан мешіттері мен көшелерге 25 орынға құттықтау баннерлері ілінді. Ақтөбеге арнайы жасаған сапары барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жамағатпен жүздесіп, елді бірлікке, ынтымаққа, сабырлылыққа шақырып, уағыз айтты. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның бөлім басшысы Е.Оңғаров та қала, аудан мешіттерінде арнайы кездесулер өткізді. Облыста Рамазан айын паш ету мақсатында 2 рет мәдени кеш өткізіліп, жауапты имамдар барлық мешіттерде жиналған жамағатқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тарауих намазын уағыз-насихат алаңына айналдырды.
Бас мүфтидің үндеуі аясында бірқатар ігі шаралар жүзеге асырылды. Жұмыс жүйелі болу үшін «Оразаның әр күніне бір сауап» атты сауапты іс-шаралар жоспары жасалды. Іс-шара барысында Бас мүфти үндеуі мен ораза кестесі т.б. оразаға қатысты парақшалар халыққа 20 000 данамен тегін таратылды. Қарт кісілердің үй шаруасына көмектесіп, жинастырып беруге мешіттің жастар жамағатын ұйымдастырылды, үй салып жатқан отбасыларға жамағат асарлатып көмек көрсетті, «Нұр Ғасыр» мешітінде тарауих намазына келген жамағатқа тегін такси ұйымдастырылды, қаладағы қарттар үйінде арнайы ауызашар дастарханы жайылды, «Нұр Мүбәрак» пен еліміздегі медреселерді жарнамалау нәтижесінде университетке 27 талапкер ұсынылды. 13 мекеме үндеуге үн қосу мақсатында 10 пайыздық жеңілдік жасады. Міне, осы сынды игі шараларға қаладағы мешіттердің ұжымы мен жамағаты бір адамдай атсалысты.
Биыл қаладағы 4 мешітте яғни, «Нұр Ғасыр» мешітінде Мансур Инаятулла мен Ахмат Кылыч, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде Саламат Қартабаев пен Тикем Қиям, «Нұрдәулет» мешітінде Мурад Кәмил, «Қабақ баба» мешітінде Сапарбек Қайназар мен Абдулла Нұрғалиев есімді қарилар Құран хатым түсірді. Бұлардың арасында ҚМДБ шақыртуымен келген түркиялық қарилар да бар.
Сондай-ақ, «Рамазан – Рақым айы» атты қайырымдылық шарасы аясында 404 мұқтаж отбасына азық-түлік үлестіріліп, бұған қоса 800 адамға тегін нан таратылды. «Нұр Мүбәрак» университеті мен «Ақтөбе» медресесінің мұқтаж 5 студентіне ақшалай көмек көрсетілді. Мұнан өзге Рамазан айында жекелеген 28 өтініш иесіне ақшалай көмек көрсетілді.
БАҚ арқылы насихаттау да ұмыт қалмады. Рамазан айына арналған 1 баспасөз мәслихаты өткізіліп, телеарналар мен радиоларға 15 рет сұқбат беріліп, газеттерге 6 мақала жарияланды.
Облыс әкімі Б.Сапарбаев өз атынан және Бас мүфти атынан ауызашар дастархандары жайылды. Мұнан өзге қала, аудан мешіттерінде зиялы қауымға, мұғалімдер мен дәрігерлер және жалпы жамағатқа Рамазанда Ақтөбе облысы бойынша 262 рет ауызашар дастарханы жайылып, оған 20 160 адам қатысты.
Ораза айт күні облыс әкімі Б.Сапарбаев «Нұр Ғасыр» мешітіне арнайы келіп, жамағатты мерекемен құттықтап, айт намазын оқыды. «Нұр Ғасыр» мешітінің ауласына облыс әкімінің қолдауымен 7 киіз үй тігіліп, айттық дастархандар жайылды. Ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылып, мереке ұлттық нақышта тойланды.
Міне, осылайша Ақтөбе жамағаты Хақ Жаббардың жарылқайтын қасиетті айында жақсылық жасауда жарыса білді. Ай бойы тарауих намаздарына жиналған жұртшылықты имамдар мағыналы да мәнді уағыздарымен сусындатты.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.07.2016
3796
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру