Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мәжіліс депутаттары имамдармен кездесті

15.07.2016 3787 0 пікір

Дін – тәрбие құралы. Адам баласын жақсылыққа шақырып, жамандықтан бой алыстатуға үндейтін де дін. Өкінішке орай, сондай дініміз исламға күйе жағып, қаралай көрсетуге құштар ағымдарға ілігіп жатқан жандар қаншама?! Салдарынан қоғам дін десе, үрке қарайтын жағдайға жетті. Неге?! Не үшін?! Оған кім кінәлі?! Міне, осындай сан-сауалдар кез келген кіршіксіз таза жүректі мұсылманды ойландырмай қоймайды.

Қоғамда сан-сауал туғызған діни мәселелерді имамдармен қатар отырып талқылау үшін 12-шілде күні Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мамраев Бейбіт Баймағамбетұлы, Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы арнайы келді. Сондай-ақ, мешітте өткен кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров және Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев қатысты.

Алдымен ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттарына дін саласында еңбек етіп жатқан имамдарды таныстырып, өңірдегі атқарылып жатқан рухани жетістіктерге жан-жақты тоқталды. Мұнан өзге аймақтағы ең нәзік әрі күрделілік туындатып жатқан діни ахуалдың мән жайын айтып, жат ағымның зардабы мен қоғамға туғызар қаупін сөз етті.

Мұнан соң мәжіліс депуттары Бейбіт Баймағамбетұлы мен Бақытгүл Қайыржанқызыкезекті сөз алып, аймақтағы діни ахуалды дұрыс бағытта қалыптастыру, жағадан алған жат ағымға жол бермеу мәселесінде өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, имамдармен еркін тілдесіп, қазіргі күнде ең өзекті болған діни ахуал төңірегіндегі ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Иә, дін атын бүркемелеген жат ағыммен күрес тек имамдардың шаруасы ғана емес, оған ел болып, қоғам болып, жұмыла жүріп жасау керекіс екенін осы басқосу анық аңғартқандай болды.

«Иманғали» орталық мешітінің

 баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру