Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шекара шебіндегі Теректі ауылында жаңа мешіт ашылды

12.07.2016 4918 0 пікір

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Теректі ауылында жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты.  

Рухани және құлшылық ордасының салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның Діни істері бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев, Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы және Мәжіліс депутаттары, облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхаметжанов, Күршім ауданының басшылығы, елімізге танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ақындар-жазушылар, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Шараны өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы қасиетті Құран оқып бастады.

Бұдан соң ҚМДБ-ның діни істер бөлімінің басшысы К.Тұрдыбаев сөз сөйлеп, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жетікізді.


«Облыс орталығынан шалғай жатқан ауылда осындай жаңа мешіт ашылуы үлкен игі іс. Бұл мешіт осы өңірдің рухани ордасына айналуы сөзсіз. Кім-кімде де дәулет болуы мүмкін, бірақ осындай мешіт салуды кез-келген адамға Ұлы Жаратушы нәсіп ете бермейді. Осы мешітті салып берген Марқакөл өңірінің тумасы Бақытбек Манап ауылдастарына аса сауапты іс жасап отыр, Алла разы болсын», - дей келе, Атымтай жомарт жарқын жүректі азамат Бақытбек Манапқа ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти хазіреттің «Алғыс хатын» тапсырды. Жаңа мешітке арнап қасиетті Құран тарту етті.

Бұдан соң сөз алған Алматы, Астанадан, Атыраудан басқа да облыстардан ат арытып келген құрметті қонақтар мешіттің ашылуымен Теректілік ағайындарды құттықтап, рухани ордаға айналуын тіледі.

Аудан басшылығы атынан құрметті қонақтарға шапан жауып, сый-құрмет көрсетілді.

Облыс орталығынан алыс, Қытай елімен шекара сызығына жақын тұрған теректіліктер сонау тоқсанышы жылдардың қиын-қыстау кезінде ауылды тастамай тұрақтап қалған халықтың да осындай жарқын күндердің келетіндігіне және жұмыс барысымен алыстап кеткен ағайындарының да арттағы елді ұмытпай,  осындай игі іс жасап беретіндігіне сенген үміттерінің ақталғанын айтып, ризашылық білдірді.

Марқакөл халқы атынан мешіт салып берген кәсіпкер Бақытбек Қабенұлына ауылдастары ақбоз ат мінгізді.

Мешіттің ашылуы қарсаңында облыстық Құран жарысы, «Бағытым - Ислам, Бақытым - Тәуелсіздік» атты республикалық діни мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жүлдегерлер марапатталды.

Сонымен қатар, боз кілемде елімізге танымал палуандар күш сынасты.

Шара барысында бабалар рухына арналып ас беріліп, еліміздің тынышытығы үшін бата жасалды.

 

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру