«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Хадис-шарифте айтылғандай, Алла Тағала: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – дейді.
Халықты қуанышқа кенелткен қасиетті Рамазан айының ұлық мерекесі – Ораза айт Павлодар облысында кеңінен аталып өтті. Биыл шілде айының 5, 6, 7-сі күндері қалалар мен аудандық, ауылдық елді-мекендерде мұсылмандардың асыға күтетін асыл мерекесіне орай, мешіттерде айт намазы оқылып, құлшылық ордаларының аулаларында әртүрлі мәдени, рухани және спорттық іс-шаралар өткізілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жергілікті өңірлерде айт мерекесін атап өту маңызының артқаны және мерекені тойлау ауқымы жылдан жылға деңгейлеп өскіп келе жатқандығы қуантады.
Мұсылмандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қалалық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті, «Ақмешіт», «Бижан» және «Әбу Бәкір Сыддық» мешіттері құдай үйінің ауласында шатыр тігіп, дастархан жайып, айттық шай беріп, қазақи дәстүрімізге сай ұлттық спорттық ойындары – қазақ күресі, қол күресі, гир көтеру, сонымен қатар, діни сұрақ-жауап сайыстары және 12 жасқа дейінгі балалар арасында құран жарысы ұйымдастырды.
Қалалық «Бижан» мешітінің жанында болған мерекелік думан барысында батут құрылып, 100-ге жуық бала асыр салып ойнағаны ата-аналарды да дін қызметкерлерін де шаттыққа бөледі. «Бижан» мешітінің бас имамы Абдусамат Сағиев демеуші азаматтардың басын қосып, «Самал» мүгедек балаларды оңалту орталығының қарамағындағы жастарға және жалпы жамағатқа айттық дастарханнан дәм татқызды. Таза ауада тәтті тағамнан ауыз тиген ересектер мен балалар келесі кезекте спорттық ойындарға ден қойды. Болашақта Қазақстан барысы атанамын деген ер балалар кілемге шығып, күш сынасты. Күреске Павлодар Барысы атағын үш мәрте иеленген Дархан Жоламанов төрелік еткені балғындарға үлкен үлгі болғаны анық. Тіпті жауып тұрған жаңбырды да елемей күреске балақ түре кіріскен кішкентайлар жарыс соңында бағалы сыйлықтарға ие болды. Мерекеге жиналған барлық балаға балмұздақ тегін таратылғанын да айт кеткен жөн. Шара соңында мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер Ислам дінінің – бейбітшілік, сүйіспеншілік, қайырымдылық діні екендігінің айғағы ретінде аспанға ақ кептерлерді ұшырды.
Ал «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ауласындағы мерекелік шара айттың үшінші күні түстен кейінгі уақытта жалғасын тапты. Жиынға 500-ден астам бала мен ата-ана қатысып, түскі намаздан кейін түрлі қызықтарға кенелді. Көлемді екі батут құрылған болатын. Балалардың бір үлкен ермегі сол болды. Бұған қоса, Жастар бөлімінің қызметкерлері діни викториналық сұрақтар мен эстафеталық жарыстар өткізіп, қатысқандардың барлығына сыйлықтар үлестірді. Халықтың ерекше ықыласы бұла күштерін сынға салған бала балуандардың сайысына ауды. Боз кілем үстінде ептіліктері мен шеберліктерін қазақша күресте ортаға салған балуандардың әрқайсысы өзіндік ерекше техникалық әдістерін қолданып қалудан қашпады. Сөйтіп, жанкүйерлерінің дүбірін қыздырып, ойын барысы тартымды өтті. Олардың арасынан үздік шыққан жеңімпаздары ақшалай, заттай сыйлықтармен қошеметтелді.
Үлкендерден көрген-білгендерін аулада ойын ойнап жүрген бүлдіршіндер өсиет етіп қайталап, жанкүйер болды. Мұны бақылаған ақсақалдар бір мәз болып, шаттық күлкіге бөленді.
Ерекше атап өтетін жайт, келген сәбилер мен балалардың бәріне 500 дана балмұздақ, тәтті мақта тегін таратылып, ойыншықтар табыс етілді. Демеуші азаматтардың қолдауымен Құран жарысы да өз деңгейінде өтіп, 10 сүреден 1 параға дейін жаттаған балғындар айт мерекесінің құрметіне ақшалай және бағалы сыйлыққа қол жеткізді.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исенов: «Облысымыздың мұсылман қауымы қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, мешіттер тарапынан жасалған ізгі іс-шараларға қатысып, мейірімділік шуағын жаюға өз үлестерін қосты. Қалалар мен аудан-ауылдық мешіттерімізде, әрбір қазақ отбасының шаңырағында ауызашарлар мен қайырымдылық көмектер легі өткізілді. Өкілдік атынан барша жамағатымызға алғыс білдіріп, амалдарыңыз сауаптан болсын дейміз. Ал, ораза айт – бұл жалпыға ортақ мереке. Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру – игі амал. Осыған орай, облысымыздың қалалық, аудандық мешіттерінің жанында 3 күн бойы «Ораза айт – отбасылық мереке» атты ауқымды шараларды ұйымдастырудамыз. Мейрам күні мешіттер тарапынан балаларға сыйлық үлестіріп, ойындар ойнатып, ислам дінінің бейбіт бесігіне бөлеудеміз. Балалар – ел болашағы, дініміздің ертеңгі мирасқорлары да солар. Сондықтан жас ұрпаққа айрықша көңіл бөлу – сауапты іс, абыройлы міндет».
Барша мұсылман қауымы үшін ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар осындай жоғары деңгейде аталып өтті. Еліміз бейбітшілік пен татулықтың құшағында гүлдене өркендеп, Алла асыл дінімізге қуат беріп, таза діліміз бен туған тіліміздің мәртебесін арттыра түсті.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.07.2016
4330
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру