Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешітімізде 15 мыңнан астам адамға ауызашар және сәресі берілді

11.07.2016 3432 0 пікір

 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде қасиетті Рамазан айында 15 мыңнан астам адамға ауызашар және сәресі берілді.

ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің тапсырмасы аясында, Елордадағы ауызашар берудің қара шаңырақтарының біріне айналған «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті қасиетті айлар мен күндерде, әсіресе, айлардың сұлтаны болған Рамазан айында ауызашар мен сәресі беруді жыл сайын жүйелі қолға алып келеді. Аталмыш шаралар аясында, Рамазан айында бір ай бойы қала тұрғындары мен жолаушы азаматтарға дастарқан жайып ауызаштыру, сәресі беру – дәстүрлі үрдіс болып қалыптасты.

Биылғы Рамазан айында да сауапты істің желісі үзілген жоқ. «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Жұманазар Садырхановтың ұйымдастыруымен, найб имамдар – Мамлюк Мусаев, Әділ Агитаев, Рашид Алпысбаев, Жасұлан Абуталіп, Закир Санху және мешіт азаншы Мусағали Қыздарбеков, имамның көмекшісі Дулат Қадырұлы қатарлы мешіт қызметкерлері атсалысқан биылғы ауызашардың ұйымдастырылу сапасы, қамтыған адам саны да жоғары көрсеткішке жетті. Мешіт төңірегінде «Халал», «Аль-Маида» кафелері, «Алтай» дәмханасы мен мешіт ауласында күн сайын ауызашар дастарқаны жайылып, күніне бірнеше жерде неше жүздеген жамағаттың тамақтануына (ауызашуына) мүмкіндік жасалды. 

Қасиетті Рамазан айында демеушілердің көмегімен 9,433,800 теңгеге 12,265 адамды қамтыған 68 рет ауызашар дастарқаны жайылды. Қадір түніне орай, кәсіпкер азаматтың демеушілігімен, мешіт ауласында 3000 адамға сәресі берілді.  

Мұқтаж жандардың мұңын мұңдаған мешіт тарапынан қайырымдылық шараларына да көптеп көңіл бөлінді. Ораза айт пен Қала күнінің құрметіне елордалық көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетілді. Қайырымдылық акциясына орай, 85 отбасына ет, май, макарон, ұн, қарақұмық, т.б. азық-түліктер үлестірілді.

Аталмыш шараларға қаржылай қолдау білдірген кәсіпкерлер мен демеуші азаматтарға және игілікті іске белсенді қатысқан мешіт қызметерлеріне Алланың ризашылығы болсын! 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру