
Павлодар өңірініде Ораза айт намазы таңғы сағат 6.30-да басталды. Қала орталығындағы алты мешітке қарай мұсылмандар толассыз ағылып жатты. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде айт намазы басталардан жарты сағат бұрын өкіл имам Нариман Ермекұлы уағызды бастап та кетті. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқыды.
Келесі кезекте «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ауласына бес үлкен қазанға Ораза айт мерекесіне орай, арнайы басылған дәмді палау, ақ наннан жиналған қауым түгелдей дәм татып, «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленді. Енді күн көтеріле келе жастар арасына жылдағыдай дәстүрлі арқан тарту, қол күрестіру, гир көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары әртүрлі ұлттық ойындар мен ән-күй бәсекелерін қыздыратын болады. Әлбетте, үлкендер жағы өзара бір-бірін құттықтап, айтшылап, қыдырысып қайтатыны белгілі.
Қазақ халқында айт күндері жеті, қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, Шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақкөңіл, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.
Олай болса, осындай ұлық мерекеде мерейіміз тасып, келесі жылға аман- есен жетейік! Ораза айты құтты болсын!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.07.2016
3293
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру