Дәрісханаға толған ақ жаулықты аналар мен арулардың жүректеріндегі үміті, көздеріндегі нұрына қарап олардың тек өз отбасыларына ғана емес, бүгінгі еліміздегі тыныштық пен берекенің тілеуін тілеп отырғаны анық байқалады.
"Нұр-Мүбарак" университетінің оқу-әдістемелік мешітінде тек студенттер ғана емес, қаладан келетін жамағат та қасиетті Құран оқуды үйреніп, түрлі дәрістерге қатысады. Әсіресе, ақ жаулықты аналар "Нұр-Мүбарак" университетіндегі мысырлық ғалым ұстаздарға өздерінің білімдерін тексертіп, қасиетті Құран тәжуидін пысықтауға арнайы келеді. Солардың бірі Бибікамал Құмарқызы 78 жаста:
Алматыға Аягөзден 2008 жылы көшіп келдік. Орталық мешіт, Тастақ ықшамауданындағы Төле би мешіттерінде білім алдым. Өзім Қасиетті Құран оқуды 60-жастан асқанда үйрене бастадым. Қазір үйде ақсақалым науқас, 8 жылдай болды төсек тартып жатқанына, соны бағып отырған адаммын. Сондықтан дәрістерге жиі келе алмаймын. Бүгін қасиетті Рамазанның берекелі күндерінде хатым Құранның батасына арнайы келдім. Неге ерте келмедім деп өкініп те отырмын.
Ағынан жарылған ақ жаулықты анамыз хатым Құранды аяқтап жатқан доктор Мадих Абдулла Хасанды мұқият тыңдап әрі қасиетті Құран аяттарына көз алмай қарап отыр. "Нұр-Мүбарак" мешітіне жиналған нәзік жандардың қасиетті аяттарды тыңдағандағы ықыластарының өзі ерекше. Міне, қасиетті Құранның соңғы сүрелері де оқылып, ғалым-ұстаз Мадих Абдулла Хасан хатым-дұғасын оқи бастады.
Хатым Құран аяқталғаннан кейін, ғалым Мадих Абдулла Хасан біраз танымдық уағызын жүргізді. Алланың мейірімі мен шексіз құдіреті жайлы оқиғалар, Пайғамбарлар қиссасынан үзінділер айтып берді. Қасиетті Рамазандағы бұл уағыз әйел жамағатының сеніміне сенім, біліміне білім қосқаны сөзсіз. Медресе айы Рамазанның мыңнан бір шарапатын ерекше сезінген "Нұр-Мүбарак" мешітіндегі әйелдер жамағаты ғалым-ұстазға алғыстарын айтып, ақ баталарын жаудырды.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.07.2016
3127
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру