Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас имам қадір түнінде жаңа намазхандарды құттықтады (ФОТО)

04.07.2016 3687 0 пікір

Алматы орталық мешіті. Мың айдан да қайырлы болған Қадір түні. Аулада және мешіт ішінде ине шаншырлық орын жоқ. Қадір түнінің қасиеттілігін ұғынған жандар түн қоюланғаннан таң рауандағанға дейін уағыз-насихат тыңдап, намаз оқып, Алладан тілек тілеуге жиылған.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жамағатқа жеткізгеннен кейін қаланың Бас имамы Нұрбек Әуесханұлы қалалықтарды қадір түнімен құттықтады.   


Мешіт төріне арамызға енді ғана қосылып жүрген, намазды енді үйреніп жүрген жаңа намазхандар шақырылды. Иман келтірген әр мұсылманға парыз болған намазды бастап, Алланың құзырында күніне бес мезгіл иілудің жанға сыйлар тыныштығын сезінген бұл адамдардың  мешіт төріне шақырылуы бекер емес. Бас имам Нұрбек қажы Есмағанбет олардың әрқайсының қолын алып, бауырына басып, жат ағым жетегінде кетіп қалмауды үгіттеп, құттықтап жатыр. Оларға арнайы әзірленген сыйлық дорбалары да бар. Оның ішінде Футбол алаңына бір айлық абонемент, сұрақ-жауапқа үздік жауап бергендерге «Адреналин» фитнес клубына 2 абонементтік билет,  жайнамаз, зәмзәм суы және тағы басқа діни сыйлықтар бар. 


Мешіт ауласы. Онда да сауап үшін қызу жанталас. Орталық мешіттің «Ыхлас» қоры  қайырымдылық мақсатта жәрмеңке өткізуде. Сауат ашу курсының шәкірттері өз қолымен пісірген тәттілері мен тіскебасарларын алып келіпті. Түскен қаражат қайырымдылық айында түгелдей мұқтаждардың мұңына жұмсалмақ.

Шатыр астында ұйымдастырылған викторинада оразаға қатысты хадистерді жатқа оқудан үздік болған 2 қатысушыға Электронды Құран Кәрім және «Әл-Фажр» фирмасы өндірген маркалы қол сағат және діни кітаптар  сыйға тартылды.


Мешіт мұнарасынан имамның уағыз-насихаттары жаңғырып шығуда. Артынша уағыздан қуат алған жамағат әркім өз бетінше құлшылыққа кіріскен. Орнаған тыныштықты бір кезде қарилардың Құран оқыған дауысы үзеді. Құранның дауысы неткен көркем.. Таңға жуық тәсбих намазы оқылатыны туралы жария етілді. Жамағат ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өміріңде тым болмаса бір рет оқы!» деген өсиетіне еріп, имамның артына ұйып жарты сағат бойы Алланы ұлықтайтын, кемшіліктен пәктеп, дәріптейтін тасбих намазын оқыды.

Құлшылықтан қалжырап, түнді ұйқысыз өткізген жамағатқа, үйіне бара алмайтындар үшін мешіт 2 мың адамдық сәресі дастарханын  әзірлеген болатын. Таң қылаң бере таң намазының азаны әуеледі. Уақыт бітті. Себебі Құранда «Ол таң рауандағанға дейін жалғасады...» делінген. Келгенде арманда, келмеген де...

Алла Тағала тілектерді қабыл етіп, келер жылдың Қадір түніне бауырымыз бүтін жетуді нәсіп қылсын. Әумин!

Алматы орталық мешітінің

Баспасөз қызметі 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру