Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе облысының әкімі ауызашар берді (ФОТО)

04.07.2016 3136 0 пікір

Қасиетті Қадір түні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде мұсылман жамағатына ауызашар берді. Оған зиялы қауым, ақсақалдар, қажылар, мұғалімдер мен дәрігерлер және мешіт жамағаты т.б. ораза ұстағандар қатысты.

Әкім Б.Сапарбаев: «Әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай Рамазан айында барлық құлшылықтарды орындайды. Ораза ұстап, мұқтаж жандарға көмектеседі, қайырымдылық жасайды. Бәрі де қабыл болсын! Бұл біздің отбасымызда жиырма жылдан бері келе жатқан дәстүріміз. Ауызашардан кейін жеңілденіп қаламыз», — деді өз сөзінде.

Ауызашар дастарханында сөз алған ел зиялылары халықты ауызбіршілікке шақырды. Солардың бірі белгілі қоғам қайтаркері, профессор Амангелді Айталы: «Абай адамдардың әртүрлі деңгейдегі санасы барын айтады: біреу берекетсіз өмір сүреді, осы өмірге келгенін түсінбейді. Олар жақсы мен жаманды айырмай, көппен бірге жүре береді. Біреу жақсы мен жаманды біледі, жаманды таңдайды. Енді бір адам жақсыны да, жаманды да біледі, жақсы жолды таңдайды. Нәпсіні бағындырады. Осы адамдар ораза ұстайды. Қара шаңырағымыз аман, бірлігіміз мәңгілік болсын! Біз бірліктің негізінде ғана ел боламыз», — деген тілегін білдірді.

Өкіл имам Төлеби Оспан жиналған жұртшылыққа уағыз айтып, жамағатты ынтымақ-бірлікке үндеді. «Бүгінгі түн сауабы мың айға тең келетін қасиетті Қадір түні. Сол себепті, баршамыз бүгін ұрпақтың амандығын, елдің тыныштығын тілейік. Мұсылмандар арасындағы бүлік Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аманында да, әділетті Халифалар дәуірінде де болған. Тарихқа қарап отырсаңыз, фитна салған бүлікшінің қол шоқпарына айналғандардың көбі бәдәуи арабтар еді. Яғни, білім, ғылымнан, өркениеттен алыс шөл дала тұрғындары. Бүгін де сол адасушылыққа жол беріп, қазақтың нанын жеп, лаңкестің әнін салып жүргендер де білім мен ғылымнан алыс адамдар. Кезінде Халифалар мен мұсылмандар мұндай алауыздықтың алдын тек бірлікпен және жұдырықтай жұмылумен және білімділікпен ауыздықтаған-ды. Сол себепті, біз де бүгінгі алауыздық туғызғысы келетіндерге осылайша ауызбірлікшілікпен және білімділікпен тосқауыл қоя аламыз», — деген өкіл имам барша ақтөбеліктерді ауызбіршілікпен әрекет етуге шақырды.

Ауызашар соңында Құран оқылып, ел тыныштығы үшін алақан жайып, дұға жасалды. Облыс әкімі ақтөбеліктерге Құран Кәрімнің араб тіліндегі нұсқасын таратып берді.

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық 

мешітінің баспасөз қызметі


IMG_0002

IMG_0006

IMG_0014

IMG_0017

IMG_0020

IMG_0037

IMG_0045

IMG_0054

IMG_9746

IMG_9766

IMG_9774

IMG_9778

IMG_9787

IMG_9815

IMG_9826

IMG_9835

IMG_9842

IMG_9850

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру