Жер жүзіндегі күллі мұсылмандар Қадір түнін мешітте құлшылықпен өткізгеніндей, Семей қаласындағы «Жоламан Ақ мешітінің» жамағаттары да мың айдан қайырлы түнді өз мешіттерінде құлшылықпен өткізді.

Қадір түніне дайындыққа жамағат таң атқаннан кірісті. Мешіттің іші-сыртын тазалап, жуып-шайып, мешіт ауласындағы хатымхананы кешкі ауызашарға дайындады. Бұл жұмыстар мешіт имамы Беиісов Рашиттың, найб имам Қанатбек Адақтың және медресе түлегі-ұстаз Хасенов Болатбектің арқасында ұйымдастырылған болатын.
Алланың қалауымен, қанша жыл қатарынан дәл осы қасиетті де берекелі түнде қаламыздың беделді азаматтарының бірі, ірі іскер әрі облыстық мәслихаттың депутаты, Жоламан кентінің тумасы, «Жоламан Ақ мешітінің» салынуына себепші болған және әлі күнге дейін осы мешітке демеуші Құрманбаев Марат Серікжанұлы 400 адамға арнап мешіт хатымханасында барлық ауыз бекіткен мұсылмандарға, жағдайы төмен жанұяларға, жетім-жесірлерге, көп балалы отбасыларына арнап қайырымдылық ауызашарын жасады. Ақшам намазын оқып болған жамағат, оларға арнап жайылған мол дастарханға жайғасты. Жас баладан бастап, еңкейген қартқа дейін бәрі дән риза болып, осы шараның ұйытқысы болып отырған Марат ағамызға шын алғыстарын білдіріп жатты. Біздің сардар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқат байлық - мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық - кеңпейілділік, қайырымдылық», «Қайырымдылық - жақсы қасиет», - деп атап кеткен. Дастархан басында уағыздар айтылып, Құран хатым түсірілді.
Тарауық намазын оқу үшін мешітке жиналған халықтың көп болғаны сондай, ине шаншар орын болмады. Тарауық намазынан соң, Болатбек ұстаздың бір ай бойы жазғы сауат ашу курсын жақсы тәмамдаған шәкірттеріне мақтау қағаздары беріліп әрі Қанатбек найб имам ұйымдастырған Ислам діні төңірегіндегі сұрақ-жауап сайысына жақсы қатысып, өте дұрыс жауап беріп отырған үш шәкіртке бағалы сыйлықтар тарту етіліп, балаларды бір қуантып тастады. Жазғы сауат ашу курсына қатысқан 28 шәкіртке жас ұстаз Болатбек Құран әліппесін үйретіп және «Ғылымхал» кітабының ілімімен сусындатқан болатын. Сонымен қатар, бос уақытында ересек адамдарға да Құран әліппесінен дәріс берді.

Үлкен аға-апайларға, әже-аталарға қойылған сұрақтарға жақсы жауап бергендерге де көтермелеу сыйлықтары табысталды.
Сәресіні де мешіттің хатымханасында жайылған дастарханнан ішкен жамағат, таң намазын оқып, әркім Жаратушы Аллаға сыйынумен болды. Намаз арасында көптеген тағылымды уағыздар айтылды. Қадір түнін мешітте құлшылықпен өткізген жамағат күннің шығуымен, ауыз аштырған Марат ағамызға, мешіт имамдарына алғыстарын айтып, риза болып, үйлеріне тарасты. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Қадр» сүресінің 3-ші аятында айтқандай: «Қадыр түні мың айдан қайырлы». Жаратушы Жалғыз Алла, жер бетіндегі күллі мұсылмандардың осы қасиетті түнде тілеген тілектерін, жасаған құлшылықтарын, Рамазан айында ұстаған оразаларын қабыл ете гөр! Келесі Рамазанға, келесі Қадір түніне аман жетуімізге нәсіп еткейсің! Әмин!
Семей қаласындағы «Жоламан Ақ мешітінің» жамағаты
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.07.2016
4049
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру