Қайырымдылық шараларының қара шаңырағына айналған «Әзірет Сұлтан» мешіті қасиетті Рамазан айында сауапты істердің қатарын арттырып, қоғамымыздағы мұқтаж жандарға мейірім шуағын сеуіп келеді. Жыл сайынғы үрдіс бойынша арнайы ұйымдастырылған акция аясында еліміздің бас мешітінде күн сайын 500 адамға тегін ауызашар дастарханы жайылады. Екінті намазынан соң мешітке келушілерге «ауызашар талоны» тегін таратылады.

Бұдан бөлек, мешітіміздің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен Рамазан айының соңғы онкүндігіне орай, бір апта бойы «Берекелі Рамазан» дастарханы жайылып, оған қаламыздағы әртүрлі топтағы мұқтаж жандар шақырылып отырды. «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі арнайы бөлек бөлмеде ұйымдастырылған «Берекелі Рамазан» дастарханынан аптаның әр күні 40-қа жуық жан дәм татып отырды.
«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: ЗАҒИП ЖАНДАР
«Берекелі Рамазан» дастарханына алғашқы болып Астана қаласындағы «Зағиптар қоғамының» мүшелері шақырылды. Қонақтар дастархан басында тәтті тағамдармен бірге, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлының әсерлі уағызымен де сусындап қайтты. Жанарынан айырылғанымен, көкірегі сайрап тұрған қамкөңіл жандарға «Әзірет Сұлтан» мешіті қашанда қамқорлығын сыйлап келеді. Былтырғы жылы осы жандарға «Мүгедектер күніне» орай мешіт қызметкерлерінің арнайы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып қайтқан болатын.


«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: МЫЛҚАУ ЖАНДАР
«Берекелі Рамазан» дастарханының келесі құрметті қонақтары сөйлеу қабілетінен айырылған мылқау жандар болды. Сүйінішін де, күйінішін де ыммен жеткізуге дағдыланған жандардың сол сәттегі сезімдерін тоқтаусыз қимылдаған саусақтары ғана білдіріп тұрды. Қонақтарды қарсы алған мешіт ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев оларға қасиетті Рамазан айы хақында уағыз айтты.


«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ АТА-ӘЖЕЛЕРІМІЗ
Астана қаласындағы Қарттар үйінің ата-әжелері де «Берекелі Рамазан» дастарханынан дәм татып, ауыз ашып қайтты. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен ата-әжелерімізге «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Руслан Қамбаров ағамыз уағыз айтып, тағылымды жүздесу өткізді.


«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: ЖЕТІМДЕР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ
«Берекелі Рамазан» дастарханы Астана қаласындағы жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне де арнап жайылды. Жастайынан өзгеден мейірім іздеп, қамқорлыққа зәру боп келе жатқан бүлдіршіндер бұл күні өздерін үлкендер қатарына қосылғандай сезініп, құрметті қонақ болғандықтарына қуанып отырғандары жүздерінен білініп тұрды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің молдасы Нұржан Әлімқұлов балақайлардың бақытты сәтін бірге бөлісті.


«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР
«Берекелі Рамазан» қайырымдылық шарасының шарапатын Астана қаласындағы мүгедек жандар да сезініп қайтты. Ауызашар дастарханы аясында сөз алған «Сарыарқа ауданының Мүгедектер қоғамының» төрайымы «Әзірет Сұлтан» мешітінің өткізетін қайырымдылық шараларының жылуын үнемі сезініп келе жатқандықтарын айтып, бірлестік атынан мешіт имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлына «Алғыс хат» табыстады.


«БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН» ДАСТАРХАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАРЫ: КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР
«Берекелі Рамазан» дастарханының тағы бір күні Астана қаласындағы көп балалы отбасыларға арналды. Байлығын қорасындағы малымен емес, қолындағы баласының санымен санаған бұл жандарға «Әзірет Сұлтан» мешітінің атынан үнемі көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолғы ауызашар дастарханы Қазақстан демографиясын деңгейін арттыруға үлес қосқан отбасыларға көрсетілген құрмет болды. Қонақтарға мешіт ұстазы Фарқат Алтай уағыз айтып қайтты.


Muslim.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
01.07.2016
3350
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру