Мешіт – қайырымдылықтың ошағы. Қасиетті Қадір түні қарсаңында Науан Хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінде аз қамтылған жандарға арналған қайырымдылық дүкені ашылды.
ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин мешіт жанындағы қайырымдылық ошағының ашылуына қатысып, өзінің тілек сөзін арнады. Қасиетті Құранда айтылатын бақша иесі жайлы тағылымды әңгімені арқау етіп, ізгілік пен мейірімділік қана имани берекенің негізгі арнасы екенін атап көрсетті. Сол тағылымды әңгімеде бақша иесі көзі тірісінде адамдарға есігін ашып қойып, жемісін тегін таратып, ал, ол дүниеден өткесін балалары қайырымдылықты ұмыт қалдырып, берекеден қағылғаны айтылады.
Міне, мешіт жанындағы қайырымдылық дүкені өмірден қағажу көріп, қиындық кешіп жүрген жандарға азық-түлік пен киім-кешекті тегін үлестіреді. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де өз демеушіліктерін көрсетуге ынталы болып отыр. Қазірдің өзінде күніне 200-ге тарта бөлке нан және азық-түліктің барлық түрлері арнайы тізім бойынша берілуде.
«Зекет» қорының Ақмола облысы бойынша өкілі Ербол Мырзатаев дүкені күніне қырықтан аса адамға қызмет көрсететінін айтты. Ашылу рәсімінен кейін қаншама адам азық-түлік арқалап, үйлеріне кетіп жатты. Арасында өзге ұлт өкілдері де аз болмады. Бұл Исламның ұлтқа, нәсілге бөлінбейтінін көрсетсе керек.
Көкшетаудағы жаңа еңселі мешіттің ашылғанын көп бола қойған жоқ. Осы уақыт аралығында мешіт қаншама ізгі істердің ұйытқысына айналды. Бұл да біздің дініміздің өркен жайып келе жатқанын аңғартса керек.
Бақыт Смағұл,
Ақмола облысы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
01.07.2016
4142
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру