
Кеше «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» атты Бас мүфти атынан ауызашар дастарханы жайылды. Ауызашарға әкімдік қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, журналистер, теологтар мен имамдар және мешіт жамағаты қатысты. Ауызашар шымылдығы Ұлы Отан Соғысының ардагері Назарбек ақсақалдың батасымен ашылды.
Дастархан басында қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталы, Дін істері басқармасының Басшысы Б.Есмахан, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Қ.Бітіков сынды қонақтар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ризашылықтарын айта келе, ыстық ықыластарын білдірді.
Өз кезегінде өкіл имам Төлеби Оспан қонақтарға Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, қасиетті Қадір түнінің артықшылығы, ораза ғибадатының негізгі миссиясы – нәпсіні тәрбиелеу екендігі және Рамазан айында атқарылып жатқан игі істермен таныстырды.
Мәселен, Ақтөбе қаласында Рамазан айының құрметіне «Оразаның әр күніне бір сауап» атты акция аясында бір қатар сауапты іс-шаралар атқарылған.
Нақтырақ айтқанда, оразаға қатысты ақпараттық парақшалар тарату, қарт кісілердің үй шаруасына көмектесіп, үйлерін жинастырып беру, дүкендерде тегін нан тарату, мұқтаж отбасына қайырымдылық көмек көрсету, үй салып жатқан отбасыларға қазақи дәстүр бойынша асарлатып көмек көрсету, мешіт жамағатына арнап күнделікті ауызашар дастарханын жаю, тарауық намазына келген жамағатқа тегін такси ұйымдастыру, қарттар үйінде арнайы ауызашар дастарханын ұйымдастыру сынды іс-шаралар атқарылды. Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен «Нұр Мүбәрак» университетінің ақылы бөлімінде оқып жатқан ақтөбелік 2 курс студентінің 350 000 теңге оқу ақысын төлеп берген. Күні кеше «Рамазан – Рақым айы» атты қайырымдылық шарасын ауқымды деңгейде өткізіп, қаладағы 100 мұқтаж отбасына азық-түлікпен көмек көрсетілген. Бұл шаралардың барлығы мешіт жамағатының қолдауымен жүзеге асырылуда. Атсалысқан азаматтарға Алла разы болсын!
Ауызашар соңында Құран оқылып, елдің амандығы мен бірлігі үшін бата жасалды.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.06.2016
3614
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру