Биылғы Рамазан айы ораза тұтып, кешкілік мешіттегі тарауық намазына қатысушы қауым ерекше жаңалықтарға толы болып тұр. ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтановтың бастамасымен, «Сити» таксиі басшылығының қолдауымен жамағаттарға тегін қызмет көрсетуде.
Жұртшылыққа жағдай жасауға ҚМДБ-ның БҚО өңіріндегі өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы бастамашы болып отыр. Рамазан айындағы бұл намаз дін қызметкерлерінің уағыз-насихатымен басталып, түнгі екілер шамасында аяқталады. Ал, осы мезгілде қаланың екі бағытына қатынайтын бағытты таксилер көпшілікті күтіп тұрады. Атап айтсақ, 6,7,9 шағын аудандары, Зашаған кенті, Қазақ аулы тәрізді қаланың шеткері аудандарына қатынайтын көліктер көпшілікке тегін қызмет көрсетеді.
- Сауапты амалға үлес қосып жатқанымыз үшін біз де қуаныштымыз, әсіресе, осынау қасиетті айда үлкен кісілердің батасын алудың өзі көңілге ерекше жылылық сыйлайды екен. Бұл біздің қызметтік тапсырмамыз болса да көптің алғысын иелену үшін ерекше ынта танытамыз. Көлік салонында соңғы адам қалғанға дейін, Алла разылығы үшін, үйлеріне жеткізіп саламыз, - дейді көлік жүргізушілері.
Түнгі ғибадатын өтеп шыққан қала тұрғыны Ғұмар Құрақовты сөзге тарттық.
- Түнгі ғибадатқа келген жандардың басым көпшілігі өз көліктерімен қайтады. Ал, бұл шығарылған көлікке көбінесе зейнеткерлер мен студенттер отырамыз. Бұл біз үшін өте тиімді болды. Мешітте отырған шақта көңілімізге көлік тоқтап қалды-ау деген алаң кірмейді. Жергілікті азаматтардың қамқорлығына сенім артамыз. Осындай бастама көтерген балаларыма Алланың мейірім-шапағаты жаусын деп тілеймін. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде осынау Рамазан айында өзгеге жасалған бір жақсылық 70 есеге дейін артатыны айтылады. Сауапты іске себепші болған осындай қала азаматтарының қатары көбейе берсе екен, - деп аяқтады сөзін.
Расында бүгінгі күндері Орал өңірінде дін тұтынушы қауым үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осының өзі аймағымыздағы діни тұрақтылыққа қосылған үлес болса керек. Ал, Рамазан айындағы бұл шара бабалардан мұраға қалған төл ұстанымымыз дәстүрлі Ислам дінінің қаламызда да кең етек жаюына, ұрпақ бойына имандылық нұрын дарыта беретініне үлес қосатынына сеніміміз мол...
Орал орталық мешітінің жамағаттары
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
28.06.2016
3113
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру