Бүгін, жұма күні, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Рамазан – Құран айы» атты рухани іс-шара өтті. Шара барысында Түркиядан келген Дашкыран Мурад, Тикен Қиям, Кылыч Ахмад және алматылық Мансур Инаятулла қарилар Құран Кәрімнің кейбір сүре, аяттарын нақышына келтіре (ашыр) оқыды. Өкіл имам Төлеби Оспан оқылған аяттардың қазақша мағынасын айтып, кеңінен түсіндіріп отырды.
Оқылған аяттарда адамдар арасындағы татулық пен бірлік, ұлттар мен рулар арасындағы ынтымақ, нақақтан-нақақ кісі өлтірудің күнә іс екендігі, ағайын-туыс арасын жарастыру, адамды келемеждемеу, мазақ етпеу, ғайбат айтпау, кісіні аңдымау, оның әр ісіне күмәнмен қарамау, Исламның байсалды орта жолын ұстану және мүміннің сипаттары сөз етілді.
Өкінішке орай, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін дұрыс түсінбегендіктен кейбіреулер түрлі адасушылыққа барып, арандатушылықтың құрбанына айналуда. Шараның мақсаты – Алланың аяттарын мәнерлеп оқып, оның мағынасын түсіндіру арқылы мұсылман жұртшылығының рухын көтеру. Мұсылман баласының бағыт-бағдары Құрандағы үкімдер мен тыйымдарды жеткізіп, жамағатты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа насихаттау.
Өкіл имам Төлеби Дәділұлы «Құран – адам баласын екі дүниеде бақытқа жетелейтін иләһи кітап. Ол біздің рухани шамшырағымыз. Егер біз Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерін дұрыс түсініп, орынды қолдана білсек, Алланың ризашылығына бөленіп, тура жол табамыз. Ал, бұрыс қолдансақ, о дүниені айтпағанда, мына жалғанның өзінде қиыншылықтан арылмаймыз. Жоғарыдағы аяттарда мүміннің сипаттары баяндалды. Сол сипаттарды бойымызға сіңіре білсек, қоғамға пайдалы адам бола аламыз», - дей келе жамағатты аманатқа қиянат етпеуге, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуге және жамағаттың бірлігіне сызат түсіретін әрекеттер мен бүліктен аулақ болуға шақырды.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық
мешітінің Баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.06.2016
4679
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру