Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Иманды бол балақай, шығамыз шыңға алақай!

23.06.2016 4390 0 пікір

Бір айдан бері  «Таугүл-3» мешітінің «Діни сауат ашу лагерінде» 40-қа жуық шәкірт балалар "Ислам әдебі", "Сира" (Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір баяны), "Құран оқып үйренейік", "Намаз оқып үйренейік" сияқты төрт пән негізінде дәріс алып, сауаттарын ашқан еді. Міне, бүгін 22 маусым күні сол бүлдіршіндер ай бойы алған рухани азығының айғағы іспетті арнайы марапат қағазын алды. Ұстаздарының жетекшілігімен балалардың өздері дайындаған игі иман аясындағы шағын сахналық қойылымдары тіпті егде адамдарды да тебірентіп жіберді.


Діни тақпақтар мен қызықты сұрақ-жауаптар ойыны ересектердің өзін еріксіз ойға жетелесе керек, балалардың әр қойылымнан кейін басын изеп, разылық білдірмеген адам болмады. Әлифпен танысқанына бір айдан аспаса да, бірнеше сүрені тәжуидімен жаттап үлгерген бүлдіршіннің оқыған Құран аятымен басталған бұл шарадан, осылайша тамаша бір көріністердің куәсін көрдік. Бас имам Нұржан қажы Таласұлы бүлдіршіндерге  марапат қағазымен қоса арнайы сыйлықтар тарту етті. Балалармен қоса қарт апа-әжелеріміз де қуанышқа бөленді. Ол кісілер осы қасиетті Рамазан басталғалы бері ұстаз Айнұр Игіліковамен бірге бүгін Құран Кәрімді хатым етіп шыққан еді. Осы сауапты істері үшін бұл кісілер де бас имамның қолынан арнайы сертификат пен сыйлықтар алды.


Соңында шәкірт балалар мен ықыласты аналарға табыс тілеген Бас иамам, осы жұмыстардың мәреге жетуіне табандылықпен талмай еңбек еткен Мыңжасаров Ерлан, Дәрменов Қайтар,  Игілікова Айнұр, Әділмұрат Нұрбол сияқты ұстаздарға айрықша алғысын білдірді. Алматының төрінде, алатаудың бөктерінде көк күмбезі көтеріліп тұрған «Таугүл-3» мешітінің қабырғасы осындай бір қайырлы істің куәгері болды.

 

«Таугүл-3» мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру