
Бүгін ҚМДБ-ның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы, PhD доктор Ершат Оңғаров Ақтөбе облысына арнайы іс-сапармен келді. Ершат Ағыбайұлы алғашқы кездесуін Алға ауданынан бастап, жергілікті жамағатпен жүздесті. Ол өз сөзінде қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті, Жаратқанның нығметтеріне шүкір ету, жамағаттың бірлігін сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Ағыбайұлы: «…Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркем мінез-құлықты толықтырушы. Алла Тағала құранда Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлемдерге рақым ретінде жіберілгендігін баяндайды. Ислам діні – жеңілдік діні. Діннің қағидаттарын өзімізге ауырлатып алмайық. Жамағаттан бөлінбейік. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметін көпшілікпен бірге болуға үндеген», — деген пікірін ортаға салды.
Уағыз соңында жамағаттың көкейтесті мәзһаб мәселесі, намазға толық қатысу, Құран оқу сынды сауалдарына да жауап берілді.
Сонымен қатар, ҚМДБ-ның бөлім басшысы Е.Оңғаров «Ақтөбе» медресесінің ұжымымен кездесті. Директор Ә.Дәуренбеков медресенің тыныс-тіршілігімен таныстырып, шәкірттердің жағдайын баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, Ершат Оңғаров бүгін тарауық намазында «Нұр Ғасыр» мешітіне жиналған жамағатқа уағыз-насихат айтады деп күтілуде.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің Баспасөз қызметі


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.06.2016
3144
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру