Батыржан МАНСҰРОВ,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, Қазақстан діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі:
– Айлардың төресі, қасиетті Рамазан айы басталар қарсаңында, барша мұсылман бес парызының бірі – Ораза тұтуға әзірленіп жатқан тұста Ақтөбеде орын алған оқыс оқиға біздің ұлттық болмысымызға, шынайы дінді ұстанатын мұсылман қауымының ұстанған бағытына кереғарлығымен баршаны шошытып отыр. Таза ислам дінін ұстанған мұсылман баласы мұндай жат іске бармайды. Табиғатымызға жат діннің ағымына бой алдырғандардың бұл әрекеті – исламды бетперде ететіндердің ісі екені даусыз. Бұл – біздің дәстүрлі дінімізге жат. Шынайы ислам дінін ұстанушылар мұндай мақсатты ешқашан көздеген емес. Өйткені, Исламда өзгеге жаманшылық жасауға, өзгенің өміріне қауіп-қатер төндіруге тыйым салынған.
Барша мұсылман асыға күтетін Рамазан айы – бірлік айы, сабыр айы, рахым айы. Ислам діні – бейбітшілік діні. Ислам – шынайы дін. Құранда адам өлтіру үлкен күнә деп айтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман ешкімге зиянын тигізбейтін адам деген. Демек, мұсылман қауымы ешкімге зиянын тигізбейді, тек баршаға жақсы, ізгі тілек тілейді, өзі өмір сүретін қоғамның тыныштығын ойлайды. Осы тұрғыдан келгенде, Ақтөбедегі оқиға Ислам дініне берілген мұсылманның емес, керісінше, жат ағымдағылардың ісі екенін айғақтады. Өйткені, Оразада дәстүрлі дінді ұстанатын мұсылмандардың қайырымдылығы, мейірімі, сабыры оянады. Сауап алсам екен деп, қайырымды іс жасауға ұмтылады. Біз қазір қолына қару алып соғысатын емес, ең алдымен, өзімізді тәрбиелейтін, өзгеге зиянынан гөрі пайдасын тигізетін қоғамда өмір сүрудеміз. Біз, мұсылмандар мұндай өрескел әрекеттің елімізде болмауын қалаймыз.
Жүрекпен сезінулері тиіс
Анатолий БАШМАКОВ,
Парламент Сенаты IV, V шақырылымдарының депутаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі
Бірден айтайын, Ақтөбедегі қанды оқиғаны ұйымдастырушылар өз елі мен жеріне құрметпен қарай алмайтын дінсіз басбұзарлардың нақ өзі. Егер олардың жүрегінде имани наным-сенімдері бар болса, қандай жағдайда да мұндай әрекетке бармаған болар еді.
Ал ендігі жерде ел азаматтарының қай-қайсысы болса да өткен жексенбіде орын алған қанды оқиғаны ұйымдастырушылардың кез келгенінің бетіне түкіреді. Бұл әрі-беріден соң, теріс түсініктің құрбанына, белгісіз айтақшылардың құлына айналып көз жұмған немесе қылмыскер атанғандардың сүйегіне зор таңба болары сөзсіз.
Сондықтан да мен Мемлекет басшысының қаралы үйдің қайғысына тұтас елді ұйыстырып, 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялауын толық қолдаймын. Бұл күні әрбір отандасымыз ойда жоқта опат болған отбасылардың қайғысына ортақтасып, бейбітшілік заманның қадір-қасиетін жүрекпен сезінуі тиіс деп ойлаймын.
Шымкент - Елбасы төңірегіне топтасайық
Иманәлі БАЙДӘУЛЕТОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
Шымкент қаласының құрметті азаматы
Елбасы Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланысты қаза болған азаматтардың шаңырағына көңіл айтты. 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», - дейді дана Абай. Біздің отандастарымыздың бейбіт күнде оққа ұшуы – орны толмас қасірет. Лаңкестерде Отан, отбасы деген құндылықтар болмайтындығын Ақтөбедегі оқиға тағы да айғақтап берді. Қару асынған жауынгерге кекті-ақ болсын, ал өз шаруасымен жүрген қарапайым адамдарды оққа жығуын олар қандай шариғатпен түсіндіріп бере алады? Қысқасы, бейкүнә адамдарды өлтіру олардың тексіздігін танытады.
Экстремизм мен терроризм тек біздің елдің ғана емес, бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан, баршамыз бұрынғыдан да тығыз топтасып, ел ішінде бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтап қалуға қызмет етуіміз керек.
«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді қазақ. Сол шірік құмалақтар қазақ жастары арасынан шыға бастағаны мұның артында қоздырушы, итермелеуші күштердің бар екендігін көрсетеді.
Кешегі ТМД елдерінің кейбірінде болған «түрлі-түсті революциялардың» сол мемлекеттерге қаншалықты залал әкелгендігін, елдің бүлінгенін, ұлт тұтастығына қатер төнгенін көріп отырмыз. Кеше ғана туысқан болып отырған мемлекеттер бір-біріне жау пиғылмен қарайды. Лаңкестерді есірткендер террорлық әрекеттерінен бас тартар емес.
Ата-баба армандаған тәуелсіздігімізге сына қағып алсақ, мемлекет үшін үлкен қатер. Қауіптің бар екенін байқадық. Ел іші бүтін болуына барша қазақстандық атсалысып, Елбасының төңірегіне топтасуы тиіс.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.06.2016
3274
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру