
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы:
– Ақтөбедегі лаңкестік жағдайға байланысты еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы өз пікірін білдіріп, экстремистерді қатаң айыптады. Шынында бұл оқиға елдің жағасын ұстатты. Ислам дінінің атын жамылып, қолына қару алғандар теріс ағымның жетегінде кеткен қаскөйлер екені анық. Дәстүрлі ислам дінінде жазықсыздан жазықсыз адам жанын қию өте үлкен күнә саналады. Бұл туралы сүрелерде, аяттарда нақты, анық айтылған. Жазықсыз адам өлтіргеннің жазасы – тозақ. Сондықтан, бұл лаңкестер тірлігінің Ислам дініне еш қатысы жоқ. Енді мұндай жағдайдың қайталанбауын сүйікті Алламыздан сұраймыз, тілейміз. Осы елдің азаматы ретінде осынау жағдайға жүрегіміз қатты ауырды. Лайым, Алла тағалам пенделерін ақ адал жолына, тура жолына бастай берсін.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Адамның өмірінде ұқсас сәттер жиі болатыны секілді, елдің де өмірінде сынақ сәттер көп кездесіп жатады. Біздің Тәуелсіздігіміздің осы күндегі тарихына дейінгі кезеңде елдігімізге үлкен сынақ сәті туып тұр. Елбасымыз бүгін жұртшылыққа жасаған мәлімдемесінде бұл жайында ашық айтты. Ақтөбедегі қанды оқиға қасиетті Рамазан айында дінді бетперде етіп, қан төгуге барған қаскөйлер заңның ең қатал талабымен жазалануы тиіс екендігін қадап айтты.
Өз басым бұл шешімді толық қолдаймын. Өйткені жалпы адам қандай қылмыс жасаса да өзінің тірі қалатынын білсе, ол ештеңеден тайынбауы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі, қаскөйлер елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғанын біліп алған болуы да мүмкін ғой. Ендеше, шын мәнінде елдің тыныштығына балта шапқысы келген мұндай қаны бұзық адамдарға ең ауыр жаза қолданылуы тиіс. Бұл жайында халқымыз бірауызды болады деп сенуге болады.
Ел өміріндегі осындай сындарлы кезеңде біз әркез бірлікшіл, ынтымақшыл және тату болуымыз керек. Олай болса, Қазақстанды талай асуларға алып шыққан, бүкіл әлем мойындаған басшымыздың сөзіне ұйығанымыз жөн. Осы сәтте біз намысшыл халық екенімізді, бейбітшіл ел-жұрт, ынтымақты ұлт екендігімізді, кеудешіл мемлекет екендігімізді көрсетуіміз керек деп санаймын және солай болады да.
Еркін ӘБІЛ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Ақтөбедегі оқиға бүкіл елдің үрейін туғызды. Ең бастысы, ешқандай жазығы жоқ, Отанына адал қызмет етіп жүрген азаматтарымыздан қапыда айырылдық. Оларды жоқтап, отбасының шулап қалғанын көргенде жүрек сыздайды. Екіншіден, лаңкестікпен айналысып, өзгенің қанын мойнына жүктеген содырлардың барлығы да жап-жас жігіттер. Олардың елді осынша шулыған еткендегі мақсат-мүддесі түсініксіз. Мені «Жат ағымның соңына ерген 19-30-дың арасындағы жастар өзінің болашағын қалай елестетеді? Олардың алдағы күннен не үміті бар, олар да анадан туды ғой?» деген ойлар мазалады. Өз отандастарына, өз қандастарына мылтық кезенген жастардың осынша рухани жұтаңданып кететіндей сонша не көрінді? Олардың ағайыннан, ортадан, мектептен көрген тәрбиесі аз емес еді ғой?
Өркениетке ұмтылған елміз. Сырттан күш алса да, іштен леп берушілер болса да енді лаңкестерді бұлай басқа секіртіп қоюға болмайды. Қазіргі орын алған жағдай алдағы уақытта қайталанбайтындай іс істеуге тиіспіз. Ол үшін саяси реформаларды тездеткен жөн, Парламент билігін, жергілікті атқарушы билік беделін көтеру керек деп ойлаймын. Ең бастысы, азаматтық қоғам қалғымай, оянып, қимыл жасамаса болмайды. Барлық істі мемлекетке, құқық қорғау органдарына артып қойып, үнсіз отыра берсек, лаңкестер кез келген мүмкіндікті пайдалана береді. Ақтөбеде орын алып отырған қайғылы жағдай, бүгінгі азалы күн тыныштықты сақтау үшін сілкініп жұмыс істеуге сабақ болар. Бірігіп қимыл жасағанда ғана нәтижеге жетеміз.
ҚОСТАНАЙ
Любовь НИ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:
– 9 маусым еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау жолында шейіт болғандарды аза тұту күні деп жарияланды. Біз мұны қуаттаймыз. Ақтөбе қаласында қапыда оққа ұшқан азаматтарымыздың артында қалған отбасы, туған-туыстарына баршамыз қайғысына ортақ екендігімізді білдіргім келеді.
Мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазанның алдында осындай оқыс әрекетке бару ешқандай да адамилыққа, саналылыққа жатпайды. Ізгі істерді көбейтіп, барша адам баласына мейірім шуағын тарататын қасиетті Ораза айының алдында қан төгушілер мұсылманшылықтан алыс адамдар. Біз олардың ауыр күнә жасаған іс-әрекеттеріне наразылығымызды танытамыз.
Біздің де ұл-қыздарымыз өсіп келеді. Қай ата-ана баласының жаман іске шалдыққанын қаласын? Әрине, қаламаймыз! Бейбіт өмірді армандап жүрген елдер бар. Бір күн болса да мылтық үні естілмесе екен деп тілейтін елдер бар. Соларды ойлағанда, сондай зұлматты жағдайларды көргенде, осы күнімізге шүкірлік етумен қатар, осы бейбіт заманның мәңгі сақталуына қызмет еткің келіп тұрады. Еліміз тыныш болса екен, қайғы жұтқан ата-ана болмаса екен деп тілеймін!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.06.2016
3236
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру