ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі биылғы жылғы қасиетті Рамазан айын біршама келелі істер, жаңа бастамалар арқылы нәтижелі де жарқын табыстармен қарсы алды. Олардың бірін ғана атап айтар болсақ, жуырда болып өткен қала, аудан имамдарының кезекті басқосуында «Жақсылыққа жарысайық!» ұранымен өзара бәсеке-бәйгені қыздыратын 5 түрлі шартқа пәтуаласқан еді. Бүгінде бұл бәйгенің көрігі қыза түсуде.
Сонымен қатар, мешіт ғимаратының іші-сыртының көріктілігімен қоса архитектуралық ерекшелігімен де көз тартатын облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің дарбазасына қала әкімдігі және кәсіпкер азаматтардың қолдауымен «атына заты сай» болған үлкен де көрікті қақпа жаңадан салынды.
Қасиетті Рамазан қарсаңында орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің діни сауат ашу курсының 3 кезеңдік бағдарламасы бойынша толық сауатын ашып, арнайы емтихан тапсырған 28 шәкіртке сертификат табыс етілсе, 1-ші және 2-кезеңді оқып тәмамдаған 30 шәкіртке бас имам атынан «Алғыс хат» табыс етілді. Бұл шара барысында шәкірттер иләһи ән-күйлер, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқумен қатар, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (Оған Аланың игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар айтты.
Сондай-ақ, қалалық «Әбу Бәкір сыддық» мешітінің материалды-техникалық базасын пайдалана отырып, өңірімізге белгілі кәсіпкер Кәкенов Қазыбектің демеушілігмен болашақ қариларды дайындайтын «Мәшһүр Жүсіп Құран жаттау орталығы» да Рамазан айы басталар қарсаңында үміткерлеріне есігін айқара ашты.
«Құран ашу орталығының» салтанатты ашылу шарасына қатысқан павлодарлықтар елімізге белгілі ақын, композитор Жәкен Омаровтың құттықтау термесінен кейін әнші Асылбек Сапарбектің, «Әбу Бәкір сыддық» медресесінің тәрбиешісі Адалбек Мұратханның арнау өлеңдерін тыңдады. Келесіде облыс өкіл имамы Нариман Исенов құттықтау сөз сөйлеп, Ербол қари Отанханұлымен бірге аталмыш орталықтың ашылу лентасын қиды. Орталықтың ашылуына қатысып, ғимаратымен танысып, алдағы атқаратын іс-шаралар бағытына қаныққан қала тұрғындары қасиетті Рамазан айы құрметіне арналған дастархан дәмінен ауыз тиді.
Құран жаттау орталығының бір мезгілде 20 шәкірт қабылдайтын төсек орнымен толық қамтылған 5 бөлме, дәріс бөлмелері және 200-ден астам адам қабылдап діни рәсімдер өткізетін үлкен асханасы бар. Сонымен қатар, мәдениетті дәретхана, жуынатын бөлмелермен толық жабдықталған.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.06.2016
3180
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру