«Нұр-Мүбарак» университетінің биылғы түлектері 4 жыл бойы білім алған оқу орнымен қимастықпен қоштасуда. Түлектердің ыстық сезімі мен қимастық лебізі арнайы бітіру кешінде айқын аңғарылғандай.
Әнұранмен ашылған салтанатты бітіру кешінде университет ректоры профессор Жуда Абдулғани Басюни жас түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздардың еңбегін ел ішінде қызмет ету арқылы ақтаудың өзі үлкен аманат екенін баса айтты. Ал ректордан кейін сөз алған проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза:
- Құрметті түлектер! Сіздер нағыз жағдай жасалған, оқуға барынша мүмкіндіктер есігі ашылған кезде білім алдыңыздар. Университеттің жаңа ғимараты, жатақханасы толыққанды берілген кезде еш алаңдамай оқыдыңыздар. Сіздердің бітірулеріңіз дінімізге көмек, елімізге жаңа леп, серпіліс. 100-ден артық исламтанушының елге қызметке аттануы тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан жоғары көрсеткіш береді деп есептейміз,-деп түлектерді дипломдарымен құттықтады.
Түлектер де өз тарапынан ізгі тілектерін айтып: «Бізге шет ел аспай, өз елімізде исламның қайнар бұлағынан сусындауға мүмкіндік берген Аллаға, мемлекетімізге, университет басшыларына алғысымыз шексіз»,-деп жүрекжарды пікірлерін білдірді. Ізгі іс пен қайырымдылыққа ұйытқы болған куратор-эдвайзер педагогика ғылымының магистрі Маржан Жолмағанбетоваға топ құрамы ерекше алғысын жаудырса, қыздар жағы теология ғылымының докторы Шамшат Әділбаева ханымға өз ризалықтарын білдірді. Сондай-ақ университетке естелік сыйлықтарын табыс етіп, суретке түсті.
Биылғы түлектер және жаңа бір бастаманы қолға алыпты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың өсиетіне амал етіп, университет ауласына өз қолтаңбаларын қалдырды.
Айша КЕҢЕСБАЙ
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.06.2016
3730
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру