Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар имамдары қасиетті айда жақсылықта жарысуға пәтуаласты

01.06.2016 3503 0 пікір

ҚМДБ-ның Павлодар облысына қарасты қала, аудан  имамдарының кезекті басқосуы болып, қасиетті Рамазан айында атқаратын іс-шараларының жоспарын бекітті. Кезекті жиналыста өкіл имам Нариман Ермекұлы ҚМДБ-ың Павлодар облысы бойынша өкілдігінің  өткен  айда атқарған  іс-қызметтері, жеткен жетістіктер мен нәтижелері, кейбір кемшіліктерін тілге тиек етіп, алда кезек күтіп тұрған шараларға тоқталды.

Сонымен қатар өкіл имам ҚМДБ-ның биылғы Рамазан айында мешіттер тарапынан  атқаратын іс-шаралар туралы келген нұсқау хатты таныстырып, Рамазан айы туралы билборд, баннер, плакаттар, бүктеме-парақшалар, кітапшалар даярлау, халыққа айтылатын уағыз-нәсихаттар, Рамазан айында тарауих намазын жүргізетін қарилар,  берілетін ауызашарлар, оған міндетті түрде қамтылатын әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері, «Нұр Мүбарак» университетіне және медреселерге шәкірттер даярлау, мешіттер жүргізілетін  мектеп балаларына арналған жазғы діни сауат ашу курстары қатарлы көптеген мәселелерді қала, аудан имамдарымен жан-жақты талқылады.


Ең бастысы осы жолғы жиналыста Павлодарлық қала, аудан мешіті имамдары  «Жақсылықта жарысайық!» тақырыбында өзара бәсеке-бәйге жүргізуге пәтуаласты. Мұнда, Қашыр ауданы Ертіс ауданымен, Железин ауданы Успенка ауданымен, Май ауданы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің жастар бөлімімен, Ақсу ауданы қалалық «Ақмешіт» мешітімен,  Екібастұз ауданы қалалық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітімен, Ақтоғай ауданы Лебяжі ауданымен, Баянауыл ауданы Шарбақты ауданымен, қалалық «Ғазиз» мешіті қалалық «Әбу Бәкір сыддық» мешітімен, қалалық «Бижан» мешіті қалалық «Ар-Рахман» мешітімен бәйгеге түсетін болады. Ол үшін төмендегі шарттар қарастырылды:

1-ден: «Нұр Мүбарак» университетіне даярлаған шәкірт санымен;

2-де: аса мұқтаж болған бір отбасының баспанасына мешіт жамағаты, демеушілер арқылы міндетті түрде толық күрделі жөндеу жасап, қажетті тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз ету;

3-де: әр мешіт  «Дін мен дәстүр» байқауына даярлап қатыстырған шәкірттері арқылы 3-5 минуттік дәстүрлі дінімізге байланысты бейне ролик жасап «Мазһаб.кз» порталына тапсыру, сонымен қатар аудан имамдары аталмыш порталға Рамазан айы қарсаңында міндетті түрде 2-3 діни-танымдық мақалалар жазу;

4-де: мешітті көріктендіру;

5-де: мешіттер арқылы ауызашарлар көптеп ұйымдастырып неғұрлым мұқтаж жандарды қамту.

Бәсеке-бәйге барысындағы ақпараттар арнайы кесте арқылы орталық мешітке апта сайын жіберіліп, бақылауға алынып отыратын болады.


Жиналыс соңында РАНТ жұмысы барысында атқарған нәтижелі қызмет көрсеткен қалалық «Әбу Бәкір сыддық» мешітінің бас имамы Дулат Қабиденұлына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Алғыс хаты» табысталды.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру