Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» (Имам Ахмад), – деген. Қайырымдылық – асыл қасиет. Шексіз мейірімді, шексіз рақымды Алла Тағала мұсылман құлдарына әрқашан да бір-біріне мейірімді, қайырымды болуға үндейді. Ұзамай қасиетті Рамазан айы да басталмақ. Рамазан айы – мейірімділік, қайырымдылық айы. Бұл айда мұсылмандар пітір таратып, бір-біріне қолынан келгенше қайырымдылық жасайтыны белгілі. Қазақ халқы: «Жасаған жақсылығың сатулы болмасын», «Адамға қылған жақсылық өмірінде тозбайды», «Бір-бірімізге қайырымдылық, мейірімділік жоқ жерде бірлік пен ынтымақтастықтың ауылы да алыстай береді», т.б көптеген нақыл сөздерімен адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсетуді халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі ретінде ұрпағына аманат еткен.
Бұл дәстүрді ұлтымыз өз тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Мәселен, көрші-қолаңның, ағайын туыстың жалғыз аты өлсе, оның етін көпшілік болып бөлісіп, орнына бірігіп ат сатып берген. Алыс сапарға аттанғанда, кедейлерге ет-май деп майда малын уақытша болса да қарасып, мініске деп жылқы берген. Көлік-жай деп көшуге, малға жем-шөп даярлауға түйе беріп көмектескен. Сауын деп кедей-кепшіктерге жаз кезінде сауынға мал берген . Атаны ардақтау, ананы аялау, досты сүю, жолдасты құрметтеу – бізге бабаларымыздан қалған дәстүр. Бұл да – елдігіміздің нышаны.
ҚМДБ-ның әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж жандарға, мүгедек балаларға, ардагерлерге қайырымдылық көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Павлодар облысы өңіріндегі қала, аудан, ауыл мешіттерінен әркез қайырымдылық көмектер жасалып тұрады. Осы орайда, Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде «Барыңмен бөліс!» тақырыбында акциялар мен қайырымдылық іс-шаралары ай сайын тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Биылғы қасиетті Рамазан айын мол сауаптармен, құрметпен қарсы алу мақсатында аталмыш мешіт ұжымы мұқтаж болған 30 отбасына азық-түлік пакеттерімен қоса, қайырымды адамдар арқылы жиналған жаз маусымының киімдерімен көмек көрсетілді. Сонымен қатар жүріп-тұра алмайтын, жалғызбасты мүгедек 2 ананың отбасына арнайы дайын тағамдар жеткізілсе, көп балалы, үлгілі отбасын құрған, 8 ардагер ата-анаға мешіттің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметі арқылы арнайы дастархан жасап, құрмет көрсетіп, сый-сияпаттар ұсынды.
Бір-бірімізге қайырымдылық, мейірімділік жоқ жерде бірлік пен ынтымақтықтың ауылы алыстай береді. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттерден жұрдай болсаң, қазақпын деуге құқымыз бола қояр ма екен?
Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.05.2016
3155
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру